Жетісу ауданына 16 арнайы автобус бөлінеді

24.02.2023 14:47

Бұл туралы Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты

informburo.kz

Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесті. Жол жабынының жай-күйі ауданның барлық  тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселе болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Былтыр әкімдік ұзындығы 26 км-ден асатын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізді (26,4 км, ауданы 33,4 мың шаршы метр 183 көше учаскесінде ағымдағы жөндеу).

«2023 жылы ауа райы қолайлы болған кезде, осы жұмыстарды жалғастырамыз. 25 км жолға (28 көше) орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі.

Оның айтуынша, қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсарту – біздің басты мақсатымыз.

«2022 жылы аса сұранысқа ие 8 маршруттың (№40, 41, 70, 135, 52, 56, 69, 80) жылжымалы құрамы, жалпы саны 117 жаңа автобус толығымен жаңартылды. Биыл біз жаңа автобустарды сатып алу барысында паркты жаңарту және жекелеген маршруттарды көбейтуді жалғастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Ерболат Досаев.

Қала әкімінің айтуынша, «мектеп автобусы» жобасы аясында Жетісу ауданында мектеп оқушыларын тасымалдауға аса мұқтаж 4 мектеп таңдап алынды. Бұл № 80, 87, 112 және 193 мектептер. Осы мақсаттарға 16 арнайы автобус бөлінеді, оның 3-і осы наурыз айында балаларды тасымалдауды бастайды.