Олар ашық аспан астында күй орындап, өнері арқылы отандастарына қолдау көрсетті
100 домбырашы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткен азаматтарға алғыс айтып, ерекше флешмоб өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар ашық аспан астында күй орындап, өнері арқылы отандастарына қолдау көрсетті. Артистер керемет туындылар ұлттық рухты көтеріп, қазақстандықтарды қанаттандыратына сенімді.
Айта кетейік, кеше алматылықтар табиғи апаттан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Бұл 12 тонна азық-түлік, шамамен 10 тонна киім, 7,2 тоннадан астам гигиеналық заттар, 2 тоннадан астам тұрмыстық заттар, 200 келіден астам дәрі-дәрмек және т.б. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып отыр.
Сондай-ақ алматылық аспапшы-музыканттар қала тұрғындарын табиғатқа ұқыпты қарауға, қалада тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды. Бұл флешмобқа «Алатау» фольклорлық ансамблінің домбырашылары мен жас таланттар қатысты.
«Мұндай жағдайда шетте қала алмаймыз, еріктілер ретінде де қатысамыз, сонымен бірге біз өз эмоциямыз бен қолдауымызды шығармашылығымыз арқылы көрсетеміз. Сондықтан халықты жігерлендіру, қуаттандыру және қолдау үшін қазақ күйлерін орындауды ұйғардық. Біздің халқымыз әрқашан біреудің қасіретіне бей-жай қарамайтын, табиғатқа үлкен құрметпен қарайтын, тазалық пен тәртіпті бағалайтын. Қазір Алматы тұрғындары жобаға қатысып, азаматтық белсенділік таныта алады», - деді белгілі артист, «Алатау» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Тұрсынай Пазыл.
Естеріңізге сала кетейік, қалада «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Мегаполистің әрбір тұрғынын экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға қатысуға, экологиялық жобаларды қолдауға шақырамыз. Қала тұрғындары өз ауласының аумағына көшет отырғыза алады, осылайша қалаға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықты көрсетіп, 20 сәуірде өтетін жалпықалалық сенбілікке қатыса алады.
Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ, веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.
Науқанның белсенді қатысушыларына арналған әлеуметтік желідегі хэштегтер: #АлматыНашОбщийДом, #НасМногоГородОдин, #АлматыБіздіңОртақҮйіміз, #БізКөппізҚалажалғыз.