Алматының Әуезов ауданында осы жылдың соңына дейін 191 аула аумағын күрделі жөндеуді аяқтау жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғфндармен кездесу барысында айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қала тұрғындарының арасында ағаштарды санитарлық кесу мәселесі жиі көтеріледі. №155 мектептің артындағы апатты ағаштарды санитарлық кесу жүргізілді. 2022 жылдың соңына дейін 191 аула аумағын күрделі жөндеуді аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі күні 9 және 11 шағынаудандардағы 30 аулада құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Олар биылғы жылдың қыркүйек айында аяқталады. Қалған шағынаудандар бойынша мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде», - деді қала әкімі.
Сондай-ақ әкім тұрғындардың ұсынысы бойынша скверлерді абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Халық қатысатын бюджет» шеңберінде биыл іріктелген 23 жоба бойынша 800 млн теңге сомасына құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Барлық жобаны іске асыру тамыз айының соңына дейін аяқталады. Тұрғындардың ұсынысы бойынша қаражат бөлінді және бүгінгі күні Ақсай-2 шағынауданындағы скверді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Ерболат Досаев.