Алматыда 19 республикалық және 37 қалалық этномәдени бірлестіктердің орталық офистері жұмыс істейді
Алматы әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы аккаунтында мегаполистегі өмірді қалыпты жағдайға келтіру үшін тұтастық, өзара қолдаудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қала тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Қазір еліміз күрделі кезеңді бастан кешіруде. Жақындарымыздың денсаулығын сақтап, мегаполистегі өмірді қалыпты жағдайға келтіру үшін тұтастық, өзара қолдаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз»,– деп жазды Б. Сағынтаев.
Қала әкімінің пайымдауынша, біздің бірлігіміздің негізінде түрлі этнос өкілдерінің өзара мәдениетаралық іс-қимылы жатыр. Алматыда 19 республикалық және 37 қалалық этномәдени бірлестіктердің орталық офистері жұмыс істейді. Олар ұлттық мәдениетті, дәстүр, тілдерді дамыту, білім беру мәселелерімен айналысады.
«Мың бояулы Алматы – еліміздегі этносаралық қатынастарды қалыптастыру мен нығайтуда басты рөл атқарады. Өзара түсіністіктің арқасында алға қойған межелерге қол жеткіземіз. Барымызды бағалай білейік. Бірліктің арқасында уақыт тезіне төтеп беріп, барлық қиындықты бірге еңсереміз»,–деп үндеді мегаполис әкімі.