«Сұңқар» ХШТК аймағында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі

08.05.2021 14:51

Қазіргі уақытта ЖСҚ жасауға конкурс жарияланды

Фото: alprof.kz

«Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплины кешені аймағына ТЖ департаменті Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасының мамандарын тарта отырып, комиссиялық жұмыс сапарын ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматының Жайлы қалалық орта басқармасы, Жасыл экономика басқармасы, Медеу және Бостандық аудандары әкімдіктерінің аппараты, сонымен қатар қызығушылық білдірген мекемелер мамандары: «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы» ЖШС, «Қазселденқорғау» ММ ҚР ТЖМ, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, «География және су қауіпсіздігі» АҚ, «Алматы гидрогеология» ЖШС, «Satbayev University» ЖШС.

Жұмыс сапары барысында, құрылысы жүріп жатқан «Еsentai city» тұрғын үй кешенінің аймағында тау бөктерінен 200-250 м қашықтықта «Сұңқар» ХШТК орналасқаны анықталды.

«Сұңқар» спорт кешені 2016 жылдан бері «көшкін жүру қауіпі бар аймақ» ретінде тіркелген, 2020 жылы көшкін жүру тәуекелінің дәрежесі, ықтимал тәуекелдерді бағалау және қорғау бойынша ұсыныстар сынды барлық параметрлері көрсетілген аймақтың Паспорты жасалды. Паспорт бойынша аймақ тәуекелдің орташа деңгейіне жатады.

2016 және 2018 жылдары көктемгі нөсерлі жаңбыр кезінде аталған аймақта көшкін құбылыстары болды. 2017-2020 жылдары және биыл жылдың басында көшкін жүру фактілері тіркелмеді.

Жасыл экономика басқармасы жоспарлаған «Сұңқар» ХШТК аймағын  көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары бойынша комиссия 2021 жылға жоспарланған инженерлік-геологиялық зерттеу жүргізуді ұсынды. Қазіргі уақытта ЖСҚ жасауға конкурс жарияланды. ЖСҚ жасау барысында сарапшылар тау бөктерін көшкін жүруден нығайтуды ескеретін болады. Сонымен қатар, аймақта көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.