Алматыда 20 жаңа кітапхана ашылады

08.08.2024 в 15:03

Бірнеше кітапханада зағип оқырмандарға арналған Брайль пернетақтасы орнатылған

Алматыда 2030 жылға дейін тағы 20 жаңа кітапхана ашылады. Бұл туралы қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде оқырмандардың жайлылығы үшін мекемелерде қолайлы жағдай жасалған. Былтыр өз-өзіне қызмет көрсететін автономды кітапхана пункттері пайда болған еді. Енді көру қабілеті нашар жандар үшін арнайы құрылғы әзірленіпті. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалардың қатары да көбеймек.

«Қала басшылығы бүгінде кітапхана жүйесінің дамуына көп көңіл бөліп жатыр. Бірнеше кітапханада зағип оқырмандарға арналған Брайль пернетақтасы орнатылған. Ал 2030 жылға дейін тағы 20 жаңа кітапхана ашылады деп жоспарлануда», - деді Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев.

Бүгінде қалалық кітапханалар жүйесіне енетін 28 мекеме белсенді жұмыс істейді. Олардың 2 орталық, 17 көпшілік және 8 балалар кітапханасы. Мекемелердің бірқатарында өз-өзіне қызмет көрсетуге арналған құрылғы қойылған.

«Демек оқырмандар кітапханашының қызметіне жүгінбей өзі келіп, осында бар кітаптың кез келгенін ала алады, кейін Алматыда орналасқан кез келген кітапханаға қайтарып бере алады», - деді Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының басшысы Бану Дәулетбаева.