Жетісу ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жұмысы қарқынды жалғасуда. Бұл туралы қала әкімі Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, Кемел шағынауданында ауысымына 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып келеді. Қазіргі уақытта жұмыстар 80%-ы орындалды. Құрылыс сәуір айында аяқталады деп жоспарлануда.
«Өткен жылы жеке меншіктен Нүсіпбеков және Омаров көшелеріндегі 2 ғимаратты сатып алдық. Кейін оларда ауысымына 200 және 300 келушіге арналған емханалар ашылатын болады. Сонымен қатар біз Рабочий (жұмысшы) ауылы жайлы ұмытқан жоқпыз. Бүгінде 40 мың тұрғынның 34 мыңға жуығы Алмалы ауданының емханаларына тіркелген. Әкімдік Райымбек даңғылының бойындағы ауданы 1,5 мың шаршы метрді құрайтын ғимаратты анықтады. Оны наурыз айының соңына дейін сатып алуға ниеттіміз. Онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар сатып алынғаннан кейін 240 адам қабылдайтын емхана ашылады», – деді Ерболат Досаев.
Аталған емханалардың ашылуы Жетісу ауданы тұрғындарына жақын жерден қызмет көрсетуге және жұмыс істеп тұрған 3 емхананың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.