Досаев: Инженерлік желілердің тозуы - Бостандық ауданының негізгі мәселелерінің бірі

20.10.2022 15:08

Осы жылдың басынан бастап инженерлік желілерде 671 авария болған

ainews.kz

Инженерлік желілердің жоғары деңгейде тозуы Бостандық ауданындағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады және 55%-дан асады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, осы жылдың басынан бастап инженерлік желілерде 671 авария болған. Орбита, Алмагүл шағынаудандарында, Жароков – Сәтбаев – Назарбаев – Әл-Фараби, Розыбакиев – Мыңбаев – Тілендиев - Тимирязев көшелерінің бөлігінде және Ерменсай шағынауданында сумен және жылумен қамтамасыз ету бойынша авариялар едәуір жиі болып тұрады.  

"Осы проблемаларды жою үшін биылғы жылдың  қыркүйек айында Ерғожин, Ганди көшелеріндегі, «Орбита-4» шағынауданында ұзындығы 1,6 км жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Бұл 546 көппәтерлі тұрғын үйге, 20 білім беру объектісіне және 12 денсаулық сақтау объектісіне үздіксіз жылу беруді қамтамасыз етеді", - деді қала әкімі.

Сондай-ақ Досаев осы жылдың желтоқсан айында «Алмагүл» подстанциясы үшін ұзындығы 4,8 км электрмен қамту кабельдік желісінің құрылысы аяқталатынын айтып өтті. Бүгінде шамамен 3 километрі жүргізілді. Бұл 200 мың тұтынушыға және 11 білім беру объектісіне электр энергиясын үздіксіз беруге мүмкіндік береді.

"Менің тапсырмам бойынша биылғы тамызда «Свежесть» бау-бақша серіктестігінің 1,1 км электр желісі мен трансформаторлық подстанциясы (ТП-256) «АЖК» акционерлік қоғамының балансына берілді, сондай-ақ «Комфорт Сити» тұрғын үй кешеніне инженерлік желілер тартылғаннан кейін Қожабеков көшесіндегі асфальт жабыны қалпына келтірілді", - деп толықтырды әкім.

Оның мәлімдеуінше, биылғы қыркүйек айында 83 көшеге 751 тірек орнатылып, ұзындығы 22,5 км көше жарығын жүргізу басталды. Жұмыстар 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталады.

Сондай-ақ, 7 көшедегі (Радостовец, Айманов, Ганди, Розыбакиев, Мыңбаев, Байтұрсынов, Қозыбаев көшелері) жарық жаңартылып жатыр. Жұмыстар осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.