Алатау ауданында 60 мыңнан астам тұрғын жаңа медициналық қызметпен қамтылады

21.06.2024 15:09

Тұрғындары жеке клиникада тегін ем алады

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары және халықпен есептік кездесу аясында Алатау ауданының «Нұркент» шағынауданында ауысымда 400 адам қабылдайтын жаңа жеке клиникада болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Медициналық орталық биыл мамырда ашылды. Кепілдік берілген көлем аясында тіркелген халық үшін тегін медициналық қызметтер көрсетіледі. Бұл жедел жәрдем, шұғыл стационарлық және амбулаториялық көмек, онкологиялық көмек, туберкулез кезіндегі паллиативтік көмек, бейінді мамандардың консультациясы, оңалту, белгілі бір аурулар және дәрі-дәрмектер тізімі бойынша бұйрыққа сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бүгінде медициналық орталыққа ауданның 23,2 мың тұрғыны тіркелген.

Алматы әкімі жұмыс сапары барысында клиниканың қызметімен танысып, ұжыммен кездесті. Алаңы 5,5 мың шаршы метр ғимарат заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Клиниканың ерекшелігі-бронх демікпесі, бронхит және пневмония ауруларын емдеуге арналған тұз шахтасының, сондай-ақ есту қабілетінің бұзылуын анықтау мақсатында жаңа туған нәрестелер мен 6 жасқа дейінгі балалардағы есту  қабілетін анықтауға бағытталған аудиоскрининг аппаратының болуы.

Ерболат Досаев қала тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

- Халыққа ыңғайлы болу үшін жаңа технологияларды енгізе отырып, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру маңызды.

Біз әрқашан осындай маңызды әлеуметтік нысандарды іске асыруға қатысатын меценаттарды қолдаймыз, - деді мегаполис басшысы.

Айта кетерлігі, «Нұркент» шағын ауданында мемлекеттік медициналық мекемелер жоқ. Ең жақын №29 қалалық емхана «Зерделі» шағынауданында орналасқан. Жеке клиниканың ашылуы «Нұркент», «Ақкент», «Зерделі», «Алғабас», «Теректі» және «Дарабоз» шағынаудандарының 60 мыңнан астам тұрғынын медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік берді және бұл қалалық емхананың жүктемесін азайтты.

Оқи отырыңыз:Алматы әкімі жылу магистралін жаңғырту және кәріз желілерін салу барысымен танысты