Б. Сағынтаев инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

05.03.2021 15:21

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында селден қорғайтын бөгеттер салынып жатқан жерлерде болып, өзен арналарын жақсарту және инженерлік коммуникациялар салу барысымен танысты

пресс-служба акима Алматы

Мегаполис әкімі өзінің Instagram-дағы аккаунтында Есентай, Тіксай, Жарбұлақ өзендерінің жағалауларын қайта құру және абаттандыру барысы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Гидротехникалық құрылысты қоса алғанда, өзен арналары ретке келтірілмек. Жағалаулар габионмен нығайтылып, қараусыз қалған учаскелерде жаяу жүргіншілерге арналған жолы бар жаңа қоғамдық кеңістік құрылады. Жүруге ыңғайлы жол жабындысы төселіп, қойылатын орындықтардың табиғи материалдан болуына мән бердім», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, әкім Үлкен Алматы мен Ақсай өзендері бассейндеріндегі бөгеттердің құрылыс алаңдарын қарап шықты. Оның мақсаты — қаланы селден қорғау. Бұл өзендердің бассейндерінде, тауларда қауіпті үш мореналық көл бар.

«Құрылыс жұмыстары кезінде қозғалысқа шектеу қойылуы мүмкін. Жасыл экономика басқармасына жұртшылықпен бірлесіп, мәжбүрлі түрде кесілген жасыл желектің орнына өтемдік негізде егілетін жұмыстарды бақылауды тапсырдым», — деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.  

Әкім Наурызбай ауданына қарасты Қарағайлы ықш.-дағы Тәжиев көшесінің бойымен Қарғалы өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмысын, Ақжар мен Тастыбұлақ ықш.-дағы инженерлік желілердің құрылысын көріп қайтты.

Қала әкімі  Б. Сағынтаев тұрғындармен кездесіп, мәселені жеке бақылауына алатынын айтты. Жоба толық аяқталысымен жолдар қалпына келтіріледі. Сумен жабдықтау және су бұру желілерін жүргізу жұмыстарының сапасына ерекше мән беріледі.  Тұрғындар үнемі хабардар болып отырады.