Алматының Индустриалды аймағында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр

09.07.2021 15:25

Индустриалды аймақ резиденттерінің жалпы саны 62-ге дейін ұлғайды

Фото: ашық дереккөзден

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен салалық қауымдастық басшыларының қатысуымен Өңірлік үйлестіру кеңесінің онлайн-отырысында 2020-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілетін жаңа жобалар талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv

Осылайша, 2021-2023 жылдар аралығында құны 4,1 млрд теңгені құрайтын «Hyundai Trans Auto» ЖШС автокөлік құралдарын өндіру  зауытын іске қосу жоспарлануда, өндірістік қуаты - жылына 12 мың бірлік арнайы техникаға дейін, 112 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында «ЖБИ Гарант» ЖШС толық циклді темірбетон өнімдерін шығаратын зауыты (құны 1,2 млрд теңге, өндірістік қуаты жылына 36 000 текше метр өнім, 67 жұмыс орны ашылады) және лак-бояу өнімдерін өндіретін зауыт «БСФ» ЖШС іске қосылады (жобаның құны - 800 млн теңге, жылына 10 795 тонна лак-бояу өнімін өндіріп, 120 жұмыс орны ашылады). Hyundai Trans Auto жобасын жүзеге асыру Түрксіб ауданында бұрыннан бар өндірісті кеңейтуді, ал тағы екі жоба - Алматы қаласының Индустриалды аймағында қуаттылықты арттыра отырып, қолданыстағы өндіріс орындарын көшіруді көздейді.

Сонымен қатар, ӨҮК отырысының қорытындысы бойынша индустриалды аймақта іске асыру үшін жалпы сомасы 19,9 млрд теңгені құрайтын 8 жаңа жобаны іске асыру жөнінде шешім қабылданды. Ол 722 адамды жұмыспен қамтымақ. Олар: Biotech Karal ЖШС биокормды қоспалар мен тыңайтқыштар өндіру бойынша зауыт құрылысы, Lemonadoff Food ЖШС алкогольсіз сусындар өндіру зауыт құрылысы, "Сартай Энерго Сервис" ЖШС құрылыс материалдары мен автоклавты газоблоктарын өндіру бойынша зауыт құрылысы, ABM Building 2007 ЖШС кабельдік-өткізгіш өнімдер өндіру бойынша зауыт құрылысы, "СП "NEFT" ЖШС композитті талшықтан шыны талшықтар мен арматура өндіру бойынша зауыт құрылысы, нан-тоқаш өнімдерін және аспаздық өнімдер, сондай-ақ, JARDI KZ ЖШС жартылай фабрикаттарын, "Бұрған-2005" ЖШС металл құрылымдары мен полиэтилен құбырларын шығаратын өнеркәсіптік кешен құрылысын, QAZAQ STROY ЖШС газоблоктарын, бетон және темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысы.

Сондай-ақ, ӨҮК қатысушылары "СК Рахат" ЖШС автоклавты газбетон өндіру бойынша жақында іске қосылған зауыт жобасының өлшемдерін өзгертуді талқылады. Инвестордың сұрауы бойынша кәсіпорында шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейтіп, газ блоктармен қатар Color Mix, тротуар плиталарын, қаптауыш кірпіштерді, декоративті блоктарды, қабырға панельдерін және блоктарды шығаратын болады. Толықтырулар енгізу арқылы өндірістегі инвестицияларды 1,8 млрд теңгеге көбейтеді. Осылайша, жаңа жобаларды ескере отырып, Индустриалды аймақ резиденттерінің жалпы саны 62-ге дейін ұлғайды, жобалық құны 233,4 млрд теңге, 6990 адамды жұмыспен қамтиды.