2022 жылы Алатау ауданында 47 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі

18.07.2022 15:40

Осы жыл қарашаның ортасына дейін Алғабас шағынауданында ұзындығы 10 км жаңа жол құрылысын аяқтау жоспарда

фото из открытых источников

Биылғы қарашада жеті шағынауданда ұзындығы 53 км астам 47 көшедегі жолдарды орташа жөндеу аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алатау ауданына алғаш барған кезімде, Шаңырақ-1 шағынауданының тұрғындары орталық Өтемісұлы көшесіне жөндеу жүргізу туралы өтініш білдірген болатын. Тұрғындардың осы өтінішін ескере отырып, Алматы қаласының әкімдігі әл-Фараби даңғылын жөндеуге жоспарланған қаражаттың бір бөлігін алды. Бұл қаражаттарды магистралдық маңызы бар Өтемісұлы көшесін (3,9 км) орташа жөндеуге бағыттау туралы шешім қабылдады. Жұмыстар басталып та кетті, оны биыл қыркүйекте аяқтаймыз деп отырмыз», – деді мегаполис басшысы.

Сондай-ақ, Райымбек даңғылында (Саин көшесінен бастап Жуалы көшесіне дейін 4,6 км) орташа жөндеу жұмыстарын басталды. Тамыз айында Рысқұлов даңғылындағы (Кудерин көшесінен бастап Немирович-Данченко көшесіне дейін 1,7 км) асфальт төсемін ауыстыруды басталады. Бұл учаскелер осы жылдың қараша айына дейін толығымен аяқталады.

2022 жылдың қараша айында жеті шағынауданда ұзындығы 53 км астам 47 көшедегі жолдарды орташа жөндеу аяқталады. Олар Ақбұлақ (14,7 км), Дархан (5,4 км), Саялы (1,7 км), Ұлжан (2,3 км), Өжет (1,1 км), Көк-Қайнар (1,2 км), 14-ші аумақта (15,5 км) орналасқан.

Осы жыл қарашаның ортасына дейін Алғабас шағынауданында ұзындығы 10 км жаңа жол құрылысын аяқтау жоспарда. Шаңырақ-1 және Шапағат шағынаудандарында орталық сумен жабдықтау және канализация желілері төселгеннен кейін 32 км дейін жаңа жол салынады.

«Құрметті тұрғындар, шағынаудандарда жолдарды салу сумен жабдықтау және канализация желілері бойынша құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін салынатынын тағы да еске салғым келеді. Өткен кездесуде тұрғындар "Алғабас" шағынауданы мен Мөңке би көшесіне тиісті жол белгілерін орнатып, жаяу жүргіншілер өткелін ұйымдастыруға қатысты өз өтініштерін білдірген болатын. Бүгінде бұл жұмыстар орындалды», - деді  Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, Момышұлы көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелдеріне 4 бағдаршам орнатылып жатыр. Жұмыстар осы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқталады.

«Шапағат шағынауданында тұрғындардың жайлылығы үшін және «Строй сити» құрылыс кешенінің жанындағы заңсыз автокөлік тұрақтарын жою мақсатында тротуарлар салдық. Бүгінде Өжет шағынауданындағы барлық тұйық және тар көшелердегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Теректі шағынауданындағы Жағалтай көшесіндегі жолдарды осы жылдың қараша айының соңына дейін жөндеп бітіреміз», - деп атап өтті қала әкімі халықпен кездесуде.