Биыл тағы 600 автобус, 100 троллейбус және электр қуатымен жүретін 100 автобус сатып алу жоспарланып отыр
Алматыда қоғамдық көлікті экологияландыру жұмыстары аясында тағы екі бағыттағы автобустар жаңартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
№52 маршрутта орташа дизельді автобустардың орнына «Foton» маркалы сыйымдылығы жоғары газбен жүретін автобустар жүре бастады. Сонымен қатар автобустардың жолаушылар тасымалына жоспарлы шығуы жұмыс күндері 16-дан 25 бірлікке дейін, демалыс күндері 14-тен 20 бірлікке дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде жоспарлы аралық жұмыс күндері 11-ден 9 минутқа дейін және демалыс күндері 14-тен 11 минутқа дейін қысқарды.
Сондай-ақ қала тұрғындарының өтініші бойынша №24 маршрутқа «Yutong» маркалы сыйымдылығы жоғары автобустар шығарылды. «Өжет ш/а -Солтүстік» – «Экобекет» қатынасындағы маршруттағы жылжымалы құрамның саны 12 бірлік, жоспарлы қозғалыс аралығы - 15 мин.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр мегаполис басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасымен әкімдік 600 автобус пен 100 троллейбус сатып алып, 22 жаңа маршрут, оның ішінде 10 қала маңындағы бағыт ұйымдастырып, 50-ге жуық елдімекенді қамтыды. Биыл тағы 600 автобус, 100 троллейбус және электр қуатымен жүретін 100 автобус сатып алу жоспарланып отыр.