Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі тағайындалды

26.10.2020 15:32

2020 жылдың тамызынан Алматы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметінде болған

almaty-akshamy.kz

Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың өкімімен Президент Әкімшілігі және қала мәслихатының келісімі бойынша Гүлнар Көкебаева Жетісу ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Гүлнар Көкебаева 1974 жылғы 11 қаңтарда туған. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін, 2019 жылы – М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы Алматы облысы Әділет басқармасының кадр жұмысы бойынша аға маман-консультанты ретінде бастаған.

2000 жылдан 2002 жылға дейін Алматы облысы Әділет басқармасының ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінің жетекші маманы, заң қызметтерін ұйымдастыру бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген.

2002 жылы ҚР ӘМ Тіркеу қызметі комитетінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы болды.

2002-2005 жылдары – Алматы қаласы Әділет басқармасының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің жетекші маманы, Алматы қаласы Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бас маманы.

2005-2007 жылдары – Алматы қаласы Алмалы ауданы Әділет басқармасының АХАЖ бөлімінің бастығы.

2007-2013 жылдары – Алматы қаласы Әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қою, заңды тұлғаларды тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы.

2013-2016 жылдары – Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары.

2016-2020 жылдары – Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы.

2020 жылдың тамыз айынан Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.

«Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен (2014), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен (2015), «Құрмет» орденімен (2018) марапатталған.