Бүгінде Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған «Инватакси» қызметін айына 2 мыңнан астам адам пайдаланады, оның 800-і - ерекше қажеттіліктері бар балалар, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Өткен жылмен салыстырғанда бұл қызметті пайдаланатындар саны 200 адамға өсті. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі Кеңестің бірінші отырысында хабарлады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша инватакси қызметтерін ұсыну бойынша пилоттық жоба қолға алынған кезде автомобильдер саны 64-тен 100-ге дейін ұлғайтылды. Әсем Нүсіпованың айтуынша, мұндай шара арнайы көліктердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді.
Қала басшысының орынбасары Алматы әкімдігі ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне агрегаторлар бөлігінде инватакси қызметтерін ұсыну қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бастамашылық хат жолданғанын айтты.
- Қазіргі уақытта такси агрегаторларының әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жіберілген қызметтерді ұсынуы мүмкін емес, осыған байланысты қолданыстағы әлеуметтік тапсырыстар арқылы қызметтерді ұсынуды қосымша пысықтауға тура келеді, - деп нақтылады Әсем Нүсіпова.
Оқи отырыңыз: Инклюзивті Алматы: мегаполисте кедергісіз орта құру үшін қандай шаралар жүргізілуде