Зиянды заттардың деңгейі 9 есеге өскен: Алматыдағы Сайран көліне шомылуға тиым салынды

26.06.2020 00:01

Бұл – адам денсаулығына аса зиян

Алматыдағы Сайран көліне шомылуға тиым салынды. Өйткені ол жерден қауіпті бактериялар анықталған. Бүгін бұл туралы Алмалы ауданының санитариялық дәрігерлері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Судан сынама алған мамандар көлдегі зиянды заттардың деңгейі 9 есеге артқанын мәлімдеді. Бұл адам денсаулығына аса зиян дейді.

Алматының Сайран көлінен адам денсаулығына зиянды таяқшалар анықталды. Олар жұқпалы ауруларды қоздыратындықтан мұнда суға түсуге болмайды. Сондықтан көлдің маңы қоршалды. Енді мұнда тәртіп сақшылары мен төтеншеліктер күндіз түні кезекшілік етеді.

Екі ауданға қарайтын Сайран көлі шығыс және батыс жағынан да келушілер үшін жабық. Таңнан бері жағымсыз хабарды естіген төтеншеліктер айналаны қоршап, арнайы белгілерді орнатқан. Десе де хабарды естісе де, осында келіп күнге арқасын қыздыратындар саны азаймай отыр. Оларға мамандар түсіндірме жұмысын жүргізді.

Мамандар жыл сайын шомылу маусымы аяқталғанша тексеру жүргізеді. Сондай кезекті сынамадан осындай ішек таяқшалары табылды деп отыр. Бұл белгіленген межеден асқандықтан дабыл қақтық дейді.

«Сайран көлінің басынан, ортасынан және аяғынан үш нүктеден бактериялогиялық, санитар-химиялық, радиологиялық, паразитологиялық көрсеткішкетрге су сынамалары алынды. Осы микробиологиялық зерттеу қорытындысы бойынша барлық осы үш нүктеден алынған су сынамаларының үш нүктесінен ішек таяқшалары мен колифаги анықталды. Яғни, бұл судың фикальмен және вируспен ластанғанын көрсетеді», – деді Алмалы ауданды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Әсия Жұбаниязова.

Сайран көліне шомылуды жаны қалайтындар ескертуді естен шығармаулары керек дейді тазалық сақшылары. Әйтпегенде түрлі ауру тауып алуы ғажап емес.

«Алматы тұрғындарына гепатит А, брюшной тиф, сальмонеллез, дизентерия деген сияқты әр түрлі жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі бар екенін ескертеміз. Судың вируспен ластануы науқас адамдар түсуі мүмкін. Немесе әртүрлі қоқыстармен су ластануы мүмкін. Я болмаса ауадағы вирустармен де су ластануы мүмкін», – деді Алмалы ауданды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Әсия Жұбаниязова.

Әзірге қаладағы жалғыз жағажайдың суы қашан тазарып, ашылатыны белгісіз. Келесі сынама шілде айында алынады. Егер ол кезде де көлдегі су тазаланбаса, халық жаз бойы Сайран көліне шомыла алмауы мүмкін.

Жадыра Омаржан, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы