Алматыда аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін сырғанақ салынды

elements.envato.com
elements.envato.com
Оның басты ерекшелігі - тоғанға орналасуы және қауіпсіздігі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Терренкур» демалыс аймағының тоғанында қысқы тюбингтерге арналған 50 метрлік сырғанақ салынды. «Снежная горка» әлеуметтік жобасы жеке қаржы есебінен орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл үшін күзде тоған суы құрғатылған. Қысқы сырғанақ тебу маусым аяқталған соң құрылым бұзылады.

Сырғанақтың басты ерекшелігі, оның тоғанға орналасуы және қауіпсіздігі. 20 градус бұрыштық құрылым 5 бөлікке бөлінген, әрқайсы арнайы тормен қоршалған. Ал мәреде тежегіш тор және арнайы жұмсақ қаптар бар.

Жобаның идеялық шабыттандырушысы Бауыржан Ермағанбетов айтқандай, сырғанақ жасауды күн жылы кезде ойластырған.

- Мұнда жазда отбасыммен жиі серуендеймін. Қыста тоғанда су жоқ, төтенше жағдайға болмас үшін құрғатылған. Қыста тоған бос тұрады, еш пайдасы жоқ. Медеу ауданында сырғанақ жоқ болғандықтан, сырғанақ орнатқым келді. Қыста балалар қыдыратын жер аз, аттракциондар жұмыс істемейді. Халықтың тығыздығы жыл санап артып келеді. Балаларға қауіпсіз алаң қажет, - дейді ол.

Оның айтуынша, басты міндет - 5 жастан асқан балалардың ата-анасыз және денсаулығына қауіп төндірмей қауіпсіз сырғанау болған.

- Сырғанақтың құрылымын жобалап, зауытқа тапсырыс бердік. Сәл кешігіп аштық. Нысан қаңқасы темір, бірақ өте сенімді. Жүк көтергіштігі - бір шаршы метріне 250 кг. Құрылым шамамен екі апта жиналды.

- Жоба әкімдікпен, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүзеге асты. Біз аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік қызметтерді тегін ұсынамыз. Көпбалалы отбасыларды, мүгедектер мен зейнеткерлерді күтеміз, - дейді сырғанақтың идеялық шабыттандырушысы Бауыржан Ермағамбетов.

Төрт баланың әкесі Бауыржан әрқашан балаларының бос уақытын тиімді өткізуді ойлайды.

- Үлкен балам жасөспірім. Қазір балалар гаджеттерге тәуелді, компьютерге көп уақытын жұмсайды. Олар физикалық тұрғыда дамымайды, ал ол баланың ағзасына өте қажет. Олар қозғалуы керек, ауамен тыныс алуы керек. Қандай да болса спортпен айналысу қажет. Сырғанақ - керемет нәрсе, балалар көңіл көтереді, жағымды эмоция алып, қозғалады, адреналин алады. Әсіресе, қыста таудың ауасы адамды шынықтырады, - деді ол.

Тоғанның түбі балшықтан тазартылып, балласт төселген.

- Бұл зауыттың шарты еді, өйткені мұндай құрылымдар қауіпсіз болуы керек. Бізде техникалық тапсырма түбіне жету болды. Балшық шағын эскалатормен тазартылып, балласт төселді. Біз оны бірінші қабатпен деңгейлес орнаттық, - дейді Бауыржан.

- Бұл орынның өзі көңілді жайландыратын тамаша жер, көптеген алматылық осылай ойлайтын болар. Қыста тоған үнемі бос тұратын. Ешкімге пайдасы жоқ еді. Өз баллонымен сырғанау тегін. Біздің тарапымыздан бұл дұрыс қадам. Біз мұнда ешкімге зиян тигізбейміз, тигізгіміз де келмейді, - деді ол.

Достарымен бірге сырғанауға келген тұрғын Батырхан Бердімұратов те әсерін айтты.

- Сырғанақ туралы досым айтып, мені шақырды. Бізге өте ұнады, қала орталығына келіп, баллонмен сырғанауға болады. Бұл жердің ауасы таза, адреналин алдым. Осы жерге әлі келемін, - дейді Батырхан.

Сырғанақ тебушілер арасында балаларын әкелген ерлі-зайыптылар да болды.

- Қалаға барғанға алыс, оның үстіне жиналып, заттарды, тамақты өзіңізбен бірге алу керек. Бұл сырғанақ туралы жақында естіп, көзімізбен көруге келдік. Меніңше, өте қауіпсіз жер, кішкентай балалар да қауіпсіз сырғанай алады. Бізге өте ұнады, балаларды демалыс күндері жиі жіберіп тұрамыз, - деді алматылық Дидар Сыдықов.

Сырғанақ тепкен соң демалушылар үрлемелі баллонды құрылым басына өздері алып шықпайды, ол үшін арнайы фуникулер бар. Бұл ретте, келушілер қауіпсіздік техникасын үйрететін нұсқаушылардың бақылауында болады.

Бұған қоса, кешен аумағында қоғамдық тамақтану нысандары орнатылып, террассада демалыс аймағы ұйымдастырылады.

Баллонды бір сағатқа жалға алу құны - 3 мың теңге. Бір реттік сырғанау - 500 теңге. Тиісті құжатын көрсеткен әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға қызмет тегін.

Новости партнеров