Алматыда кезекте тұрғандарға 8 мыңнан астам пәтер беру жоспарлануда

17.02.2021 15:37

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 294,4 мың шаршы метр болатын 3902 пәтер пайдалануға берілді

6262.com.ua

Алматы әкімі Б.Сағынтаевтың есеп беру кездесуі барысында қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны іске асыру туралы белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

2020 жылы қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2948 пәтер бөлінді. Сонымен қатар, 1 мың жас отбасы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие арқылы баспанаға қол жеткізді. Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен жұмыс істейтін жас мамандар осы бағдарламаға алғаш рет қалада тіркеусіз қатыса алды.

Сонымен қатар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 294,4 мың шаршы метр болатын 3902 пәтер пайдалануға берілді, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп.

Ағымдағы жылы мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында 8292 пәтер бөлінеді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне – 427 пәтер, көп балалы отбасыларға – 452, жұмысшы жастарға-1050. Сондай - ақ, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 3578 пәтер, «Кредиттік баспана» бойынша - 1411, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша-374 пәтер бөлінеді. «Алматы жастары» бағдарламасы жалғасады, ол арқылы 1 мың жас алматылық тұрғын үй ала алады.