Алматы қаласында жаңа подстанция іске қосылады

09.02.2023 15:37

Жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамада қаралуда

inform.kz

Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында, аудандағы көптеген желілер 1960–70 жылы салынғанын және қазіргі кезде орта есеппен 60%-ға тозғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, 2022 жылы Ерғожин, Ганди, Ғабдуллин, Могилевский, Сәтбаев көшелеріндегі және «Орбита-4» шағынауданындағы 1,6 км жылу желілері реконструкцияланды.

«Электрмен жабдықтаудың 4,8 км кабель желісін төсеу аяқталды. Қазір «Алмагүл» подстанциясына электр энергиясын беру жұмыстары жүріп жатыр. Подстанцияны осы жылдың маусым айында іске қосу жоспарланған. Бұл сіздердің аудандағы 200 мыңға жуық тұрғынды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Ерболат Досаев.

Бостандық ауданының тұрғындарына коммуналдық қызметтерді жеткізу сапасын жақсарту үшін 2023 жылға 26,5 км инженерлік желілерді реконструкциялау жоспарланған.

«Жоспарда 6 км астам су құбыры желілері. Барлық объектілер бойынша сараптама бар. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023 жылдың мамыр айында бастап, биыл қазан айында аяқтау жоспарланған. Қожанов, Байқадамов және Ганди көшесіндегі 1,6 км жылу желілері. Аяқталу мерзімі – 2023 жылдың қыркүйек айы», деді қала әкімі.

Сондай-ақ, «Мирас» шағынауданында жылу желісінің құбырларындағы қысымды өзгерту үшін сорғы станциясын салу жоспарланған. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама  мемлекеттік сараптамада. Осы жылдың наурыз айында сараптама қорытындысы шығады деп күтілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биылғы жылдың маусым айында басталып, 2024 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталатынын айтты.

«Осы жылдың маусым айында қосылған аумақтарда (Ерменсай ш/а Жұлдыз көшесі (14,5 км), Ерменсай Центральная көшесі (12,4 км), Ремизовка Ерменсайға дейін (10,2 км), Ремизовка Сұңқар кешеніне дейін (5,8 км), Көкшоқы (4,3 км)) 47,2 км электр желісін реконструкциялауды бастаймыз. Аяқталуы – 2024 жылдың сәуір айы», деді Е. Досаев.

Қабылданған шаралар ауданның 150 мыңға жуық тұрғынын сапалы сумен және жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.