Алматыда 2025 жылдың соңына дейін ескі қоқыс контейнерлері ауыстырылады

23.05.2024 15:39

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен жұмыс сапары барысындағы кездесу кезінде айтты

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімдігі қатқыл тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару үшін инфрақұрылымды сапалы жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. 2024-2025 жылдары Алматыда ҚТҚ жинауға арналған 2905 тереңдетілген контейнерлер орнатылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы  Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен жұмыс  сапары барысындағы кездесу кезінде айтты.

«2012 жылдан бері орнатылған барлық контейнерді реконструкциялаймыз. Сонымен қатар 516 жаңа  тереңдетілген контейнер алаңы салынады, олардың жартысы жыл соңына дейін пайда болады. Өздеріңіз білесіздер, агрессивті ортаның әсерінен қоқыс жәшіктерінің металы тез ескіреді. 2025 жылдың соңына дейін барлық тозған контейнерлерді түгел ауыстырамыз», - деді Ерболат Досаев.

Алматыда өткен жылдың соңында  тереңдетілген қоқыс контейнерлерін орнату жұмыстары басталды. Олардың артықшылығы - герметикалы және бұралқы иттер мен құстар жете алмайды. Сондай-ақ тереңдетілген контейнерлер жағымсыз иісті таратпайды әрі эстетикалық тұрғыдан да сай болмақ.

«Халықаралық тәжірибеге сәйкес, қапшықты контейнерлерді орнатуды жоспарлап отырмыз. Қызмет көрсету тұрғысынан-қоқыс контейнерлерін жуу, санитарлық тазартуда  шүберектен жасалған қапшықты контейнерлер әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар биыл біз 1800 еуроконтейнерді ауыстырамыз», - деді Алматы әкімі.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Сингапур Президентінің Istana сарайына барды