Жобаны қоғамдық талқылауға қаланың әрбір тұрғыны қатыса алады
Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» атты жобаны жалпы талқылауға ұсынды. Құжат жобасы «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ сайтында жарияланған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құжатта қордаланған мәселелерді, халықаралық тәжірибені, әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін, Алматының тарихи рөлін, оның мәртебесін, экономикалық әлеуетін және ағымдағы ахуалды ескере отырып анықталған қаланы дамытудың қысқа және орта мерзімді басымдықтары көрсетілген. Құжаттың мазмұны Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары мен оның 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары және Алматы агломерациясын 2030 жылға дейін дамытудың Кешенді жоспары сынды жобаларды одан әрі пысықтау мен қабылдау үшін негізге алынбақ.
Жоба 7 бөлімнен тұрады – «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».
Құжатта көрініс тапқан бастамаларды іске асыру қаланың үйлесімді кешенді дамуына қолжеткізуге мүмкіндік береді, оның басты мақсаты жайлы, инклюзивті және қауіпсіз қалалық орта құру болып табылады.
Құжатты әзірлеуге түрлі қызмет салаларынан 40-тан астам тәуелсіз сарапшылар, оның ішінде экономистер, урбанистер, экологтар, қаланы жоспарлаушылар, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер және басқалар қатысты.
Жобаны қоғамдық талқылауға қаланың әрбір тұрғыны қатыса алады, 7 бөлімнің әрқайсысы бойынша пікір білдіріп, ой бөлісуге болады. Жиналған деректер «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспарын және оның орта мерзімді перспективаларын» талқылау және пысықтау кезінде кешенді түрде өңделіп, пайдаланылатын болады.
Сондай-ақ, сайтта құжатқа сілтемені әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде бөлісу мүмкіндігі қарастырылған.
Құжат 1 шілдеге дейін жалпы талқылауда болады.