Қала күні: Алматыда 227 көпбалалы отбасыға пәтер кілті табысталды

19.09.2021 15:45

Үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған

пресс-служба акима Алматы

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданының «Алма Сити-5» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтерлер алған жаңа қоныстанушыларды құттықтады. Үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға 227 үш бөлмелі пәтер бөлінді.

Жаңа қоныстанушыларды құттықтай отырып, мегаполис әкімі Б. Сағынтаев қала тұрғындарына әлеуметтік қамқорлық әкімдік жұмысының басты бағыты екенін айтты. Жыл басынан бері 2 340 мұқтаж отбасыға жеңілдікпен несие беру аясында тұрғын үй берілді. Соның ішінде коммуналдық тұрғын үй қорынан - 41; «Бақытты отбасы» республикалық бағдарламасы аясында көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған жанұяға 181 несие берілді.

Бұл ретте Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың бастамасымен көпбалалы отбасыларға берілетін несие санын көбейту мақсатында жергілікті бюджеттен кезекте тұрғандарға жеңілдетілген несиелерді қосымша қаржыландыруға 3,3 млрд теңге бөлінді. Бұл шара тағы 223 несие беруге мүмкіндік береді. Барлығы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 1 013 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Шаңырақ» республикалық бағдарламасы (5-10-20) аясында 2021 жылы 1 310 несие берілді. Жұмыс істейтін жастарға 1050 жалға берілетін пәтер бөлінді. Бүгінде «Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бойынша 772 несие берілді. Жыл соңына дейін кемінде 1 000 несие беру жоспарланған.

Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, алғашқы төлемнің бір бөлігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін 1 миллион теңге сомасындағы тұрғын үй сертификаттары әлеуметтік көмек түрінде өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Қаланың кезекте тұрған тұрғын үй сертификатын алушылар - 1 және 2 топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; көпбалалы отбасылар.

Теги: квартиры