Ұзындығы 6,8 км болатын 33 учаскеге тротуарлар салынды
Қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде 2023 жылы ұзындығы 19 км болатын 22 көшеге және 9 өтпелі жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, 2022 жылы ұзындығы 27 км болатын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізілді, сондай-ақ жалпы ауданы 25 мың м2 75 көше учаскесіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 6,8 км болатын 33 учаскеге тротуарлар салынды.
"2023 жылы ұзындығы 19 км болатын 22 көшеге және 9 өтпелі жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. 2022 жылы сіздердің сұрауларыңыз бойынша Саин, Қабдолов және Төле би көшелерінде 5 жаңа аялдама кешені орнатылды. Орын алған қажеттілікке байланысты, осы жылдың қазан айына дейін Жайдарман және Шаймерденов көшесіне қосымша 3 аялдама орнату жоспарлануда", – деді Е. Досаев.
Сонымен қатар жол қозғалысын реттеу және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы Жандосов, Сүлейменов, Момышұлы, Шаляпин, Алтынсарин, Өтеген батыр көшесінде 14 жаңа светофор орнатылғанын айтты.
"Қазіргі уақытта Береговой көшесі мен Ю. Ким көшесінде светофор орнатуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу және Төле би көшесі – Фуркат көшесі, Төле би көшесі – Саин көшесінің шығысында реттелетін жаяу жүргіншілер өткелін салу жұмыстары жүріп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттама осы жылдың мамыр айының соңында аяқталады, жоба қараша айының соңына дейін іске асырылады", – деді қала әкімі.
Қала әкімінің айтуынша, үнемі су басатын жерлердің мәселесін шешу үшін өткен жылы төтенше жағдай желісі бойынша ауданның 7 проблемалық учаскесінен – Төле би көшесі, Райымбек даңғылындағы 5 учаске жойылған.
"Жұбанов көшесіндегі ұзындығы 3,5 км канал тазартылып, жөнделді, сондай-ақ Момышұлы көшесінің бойында (Жұбанов көшесінен Төле би көшесіне дейін) ұзындығы 1,4 км жаңа су бұру каналы салынып, оған арық желілері қосылды, 2,4 км жаңа арық желісі салынды. Бүгінгі таңда Абай даңғылы мен Момышұлы көшесіндегі 2 учаскеде жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарды осы жылдың наурыз айының соңына дейін аяқтаймыз", – деді Ерболат Досаев.