Әуезов ауданы мектептерінде 5 мыңнан астам оқушы орны тапшы. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында №97 мектеп ғимаратын бұзып, орнына 600 орындық мектеп құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы қала әкімі Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, 5 мыңнан астам (5 024) оқушы орны тапшы (қала тапшылығының 17,8%). 2022 жылы 1 725 орындық №117 және 132 мектепке 2 қосымша құрылыс пайдалануға берілген және 4-шағынауданда "Достық" жеке меншік мектебі (400 орын) ашылды.
"Биыл "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында №97 мектеп ғимаратын бұзып, орнына 600 орындық мектеп құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін 3,5 мыңнан астам оқушы оқитын 4 мектепті сейсмикалық күшейту, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады: №122 мектеп – 2023 жылғы ақпан, № 127 мектеп – 2023 жылғы қараша, № 141 мектеп – 2023 жылғы шілде және "Білім инновация лицейі" – 2023 жылы наурыз айында аяқталады", – деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар өткен жылы 348 орындық 6 жекеменшік балабақша ашылған.
"Биыл "Алтын бесік" шағынауданында 120 орындық мемлекеттік балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба бойынша оң мемлекеттік сараптама алынды. Бүгінде мердігер ұйымды айқындау үшін конкурс жүріп жатыр. Бұдан басқа сәуір айында 10-шағынауданда 160 орындық балабақшаның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп, құрылысты 2024 жылы аяқтау жоспарланған", – деді қала әкімі.
Ауданда "Мектеп автобусы" жобасы аясында биыл 5 мектеп (9, 42, 127, 130, 153) қамтылатынын, осы мектептерде оқитын барлық балалар тасымалдаумен толық қамтамасыз етілетінін де айтты.
"Шығармашылық және спорт үйірмелерін жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасады. Әуезов ауданында осы бағдарлама аясында 239 шығармашылық үйірме мен спорт секциялары (шығармашылық – 178 үйірме) жұмыс істейді, оларға 14 мыңнан астам бала қатысады. Бюджет 2,6 млрд. теңге құрайды",– деді Е. Досаев.