Медеу ауданында 42 млн теңгеге кімдерге көмек көрсетілді

30.04.2021 15:56

9 мамырға орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 500 мың теңгеден төленеді

Фото: ашық дереккөзден

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингке Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев қатысты. Ол халықтың мұқтаж санатындағыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабарлады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының Жеңіс күнін мерекелеуге орайластырылған алдағы төлемдер туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әсет Масабаевтың мәліметінше, биыл 425 отбасыға (2112 адам) 42 334 890 теңге сомасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Оның ішінде: 1580 адам көп балалы отбасылардан; 212 адам ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар (мүгедектер); 320 басқа тұлғалар (зейнеткерлер, аз қамтылғандар).

«2021 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша қалалық және республикалық бюджет қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарына Медеу ауданының әлеуметтік әл-ауқат бөлімі арқылы 61 122 492 теңгеге 1744 қызмет көрсетілді. (оның ішінде, көп балалы отбасыларға - 222 қызмет, зейнеткерлерге – 617 қызмет, мүгедектерге – 655 қызмет, аз қамтылған отбасыларға - 250 қызмет)»,– деді Әсет Масабаев.

Сондай - ақ, демеушілік қаражат есебінен барлығы 380 көмек түрі көрсетілді (азық - түлік себеті түрінде - 130, киім – кешек түрінде-250), оның ішінде көп балалы аз қамтылған отбасыларға және көп балалы отбасыларға-196, мүгедектерге-184.

Әсет Масабаев алдағы Жеңіс күніне дайындық туралы сөз етті. Бүгінгі күні ауданда 16 – ҰОС ардагері, 6 – ҰОС мүгедегі, 72 – ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер, 156 – ҰОС мүгедектеріне теңестірілгендер, 1958 – еңбек майданына қатысушылар және 87 – ҰОС ардагерлерінің жесірлері тұрады.

«9 мамыр қарсаңында барлығына тиісті көмек көрсетіледі, оның ішінде мемлекет есебінен: ҰОС қатысушыларына  - 500 мың теңге, ҰОС мүгедектеріне  - 500 мың теңге, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге - 100 мың теңге, ҰОС мүгедектеріне теңестірілгендерге - 100 мың теңге, еңбек майданына қатысушыларға - 50 мың теңге, ҰОС қатысушыларының жесірлеріне - 50 мың теңге қарастырылған»,– деп хабарлады аудан әкімі.

Әсет Масабаев жұмыс орындарын құру туралы да айтты. Ауданда барлығы 2144 жұмыс орны құрылды, оның ішінде Медеу ауданының кәсіпорындары мен ұйымдарында 1084 тұрақты орын құрылды. 200 АЕК-тен жалпы сомасы 4 667200 теңгеге 8 әлеуметтік грант берілді.

Сондай-ақ, аудан әкімі ақпан айынан бастап «Көк базарда» «Әлеуметтік орындар» ашылғанын атап өтті, онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 10 түрі (картоп, пияз, қырыққабат, қант, қарақұмық, күнбағыс майы, күріш, ұн) белгіленген бағамен сатылады. Әлеуметтік орындардағы азық-түлік бағасы орташа нарықтық бағадан 20-30% төмен.

Халықты қолдау тақырыбын жалғастырған Әсет Масабаев 7 әлеуметтік жобаның жүзеге асырылуын сөз етті: «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубы, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы, «Бақытты Отбасы» жобасы, «Іскер Ана» орталығы, «Rahym» әлеуметтік үйі, «Самал» аналарды қолдау орталығы, «Медеу» әлеуметтік футбол секциялары.

«Мамыр айында Думан шағын ауданында жобалық қуаты 50 баланы құрайтын 2-ші «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Қонаев көшесі 25 мекенжайында көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін «Медеу» әлеуметтік орталығын ашу жоспарлануда. Орталықта шахмат, домбыра үйірмелері, сондай-ақ компьютерлік сауаттылық сабақтары оқытылады»,– деп толықтырды Әсет Масабаев.

2021 жылдың соңына дейін баскетбол, 2 волейбол, 2 футбол секциялары бойынша 3 әлеуметтік секция ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, ашық аспан астындағы тегін фитнес-клубтың құрылысы да жоспарда бар. Халиулин көшесі 71 мекен-жайы бойынша қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар үшін әлеуметтік дүкен ашу жоспарлануда, онда демеушілерден түскен киімдерді тегін тарату қарастырылған.