Қазу кезінде жер бедерінің күрделі болуы және көлемі 2 метрден асатын қойтастардың жиі кездесуі шаруаның аяқталуын алты айға кешіктіріп отыр екен
Алматыда Ақжар шағын ауданында салынып жатқан су және кәріз құбырлары биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы мәлімдеді. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында инженерлік желілердің құрылысы 2020 жылы басталып, биыл күзде халық игілігіне берілуі қажет еді. Бірақ «жұмыстың уақытында бітуіне табиғи факторлар әсер етті» дейді мамандар. Қазу кезінде жер бедерінің күрделі болуы және көлемі 2 метрден асатын қойтастардың жиі кездесуі шаруаның аяқталуын алты айға кешіктіріп отыр екен.
«Құрылысшылардың күрделі жағдайларда су және кәріз құбырларын салып жатыр. Су және кәріз құбырларын пайдалануға беру осы жылдың IV тоқсанына жоспарланып отыр. Бұл құрылыс аяқталғаннан кейін сегіз мыңға жуық тұрғынды үздіксіз сумен және кәріз құбырларымен қамтамасыз етуге кепілдік береді», – деді қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Ермек Жұмағалиев.
Бұған дейін жергілікті аймақты зерттеу мақсатында геологиялық жұмыстар да жүргізіліпті. Нәтижесінде мұндағы жолдардың құрамы 30 пайызға дейін қиыршық тасты топырақ пен ірі қойтастардан тұратыны белгілі болған. Десе де қазір Ақжардағы жеті көшеде инженерлік желілерді салу қызу жүріп жатыр. Қиындыққа қарамастан, мердігер ұйым алып тастарды шығару үшін ауыр техникаларды пайдаланды.