Кездесуге 350-ден астам адам келді
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қала тұрғындарымен кезекті кездесуі Наурызбай ауданында өтті. Қала басшысы ауданның дамуы және өткен жылы тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Кездесуге 350-ден астам адам келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тез дамып келе жатқан Наурызбай ауданы үшін жол және әлеуметтік инфрақұрылымды, инженерлік коммуникацияларды, бірінші кезекте сумен жабдықтауды, кәрізді және электр желілерін дамыту мәселелері барынша өзекті болып табылады.
Өткен жылы ауданда шамамен 85 км сумен жабдықтау және кәріз желілері салынды. 2023 жылы тұрғындарды сапалы және сумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасады: 19,9 км желі салынуда, 335 км желінің құрылысын жобалау жоспарлануда. Ақжар және Қарағайлы шағынаудандары бойынша ЖСҚ мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Қарғалы өзенінде су қоймасының құрылысы аяқталып, Ақсай өзенінде су қоймасының құрылысы жалғасады. Нәтижесінде, 2025 жылдың соңына дейін Наурызбай ауданын сапалы сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады.
Аудан тұрғындарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін электр желілерін жаңғырту жалғасуда. Осылайша, 2022 жылы 79 трансформаторлық қосалқы станция жөнделіп, 3,8 км электр желілері реконструкцияланды. 2023 жылы тағы 35 трансформаторлық қосалқы станция мен 84 км электр желілерін, оның ішінде Ақжар, Қалқаман-2, Қарағайлы, Құрамыс және Таусамалы шағын аудандарындағы желілерді жөндеу жоспарланған.
Ауданның жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі өзекті болып қалуда. 2022 жылы 4 жаңа бағыт ашылып, қолданыстағы 4 қоғамдық көлік бағыты ұзартылды. 13 бағыттағы жылжымалы состав (173 автобус) жаңартылды, 12 аялдама кешені жабдықталды. 10 км жол және 8 км жаяу жүргіншілер тротуарлары салынды, 23 км жол жабынына орташа жөндеу жүргізілді.
2023 жылы Ақжар және Шұғыла шағынаудандарындағы 20 көше бойынша 16,4 км жол салынады. 21 км жолға орташа жөндеу жүргізілді. Автобус паркін жаңарту, аялдама кешендерін салу жалғасады.
Жыл соңына дейін Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзартуды аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы күтілуде.
Наурызбай ауданындағы басты мәселе – оқушы орындарының тапшылығын төмендету. Өткен жылы Қалқаман мен Шұғыла шағынаудандарында 5100 орындық 4 мектеп ашылды. Ауданда тұрғын үй салу қарқынын ескере отырып, тағы 6 мектепті жобалау және салу жұмыстары жүргізілуде.
Медициналық қызмет көрсетудің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету және ауданда емханалар тапшылығы проблемасын шешу үшін Құрамыс және Шұғыла шағынаудандарында 500 адам қабылдайтын 2 жаңа емхана, 1 дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда.
Сыртқы жарықтандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. 2022 жылы ауданның 10 учаскесінде жұмыстар орындалды. Ақпан айының соңына дейін тағы бір учаскеде – Кенесары көшесінде жұмыстар аяқталады.
Тұрғындардың көптеген өтініштеріне байланысты ауданның бау-бақша серіктестіктерінде орналасқан 50 көшеде (34 км) сыртқы жарықтандыруды қосымша жүргізу жоспарлануда. Жұмыстарды «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізу жоспарлануда.
Өткен жылы қала әкімінің тапсырмасы бойынша аудан үшін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына лимиттер 500 млн теңгеге ұлғайтылды. Осы бағдарлама аясында 2022 жылы 1,8 млрд. теңге сомасына 47 жоба іске асырылды. Қоғамдық кеңістіктердің 21 учаскесі және жол инфрақұрылымы бойынша 26 жоба абаттандырылды. 2023 жылы осындай сомаға 46 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Алматы әкімімен кездесу барысында аудан тұрғындары жолдарды жөндеу, кәріз және электр желілерін абаттандыру және т. б. мәселелерді көтерді.