Алматыда тәулік бойы қардан тазарту үшін кезекшілік ұйымдастырылды. Сағат 09:00-дегі жағдай бойынша қалада және таулы жерлерде 13-15 см қар жауды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қар жауа бастағалы бері жолдардың жүріс бөлігін көктайғаққа қарсы материалмен өңдеу жүргізілуде. Тротуарлар, жалпы пайдалану орындары, қоғамдық көлік аялдамалары, жерүсті өткелдері қардан тазартылып жатыр.
Түнгі кезеңде жолда полицияның патрульдік машиналарының кұзетімен қарды сыпыру-жинау көліктерінің 17 колоннасы ұйымдастырылды. Магистральдық көшелерден 635 м3 қар сыртқа шығарылды. Жалпы қардан тазарту жұмыстарына 50 жедел патрульдік бригада, 325 бірлік арнайы техника, оның ішінде 167 құм таратқыш, 1154 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша қар 15 сағатқа дейін біртіндеп жауады. Күндіз ауа температурасы минус 10-12, кешке -16 градусқа дейін төмендейді. Түнде минус 23-25 градус аяз болады. 13 желтоқсаннан 14 желтоқсанға қараған түні минус 25-27 аяз болады. Сондықтан коммуналдық қызметтердің көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел және сапалы жүргізуін қамтамасыз ету мақсатында тағы да автокөлік жүргізушілердің жолды қардан тазартуға түсіністікпен қарауды, мүмкіндігінше қала бойынша қозғалысты шектеуді және жеке автокөлікті жол жиектеріне қоймауды сұраймыз.
Жеке көлікпен жүрудің шұғыл қажеттілігі кезінде жүргізушілерді жылдамдықты төмендетуге, күрт тежеуге жүгінбеуге, қашықтықты, бүйірлік аралықты және маневр жасау ережелерін сақтауға шақырамыз. Жаяу жүргіншілер тротуарларда жүргенде абай болу, белгіленген жерлерде көшелерді кесіп өту керек, қарттар мен балаларға көмек көрсеткен жөн.
Қар тазалау жұмысына қатысты Алматы қаласы әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауына, 1308 байланыс орталығына жүгіне алады.
Оқи отырыңыз: Алматылық полицейлер жүргізушілерге үндеу жасады