Алматы әкімі Жетісу ауданындағы жол инфрақұрылымы жайлы айтып берді

10.11.2022 16:04

Жыл басынан аудандағы 124 жол учаскесіне ағымдағы (шұңқыр) жөндеу жүргізілді

motor.ru

Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуінде аудандағы жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, осы жылдың басынан бастап жалпы ауданы 28 мың кв. метр болатын 124 жол учаскесіне ағымдағы (шұңқыр) жөндеу жүргізілді, ұзындығы 26,3 км 21 көше орташа жөндеуден өтті. 

"Сіздердің өтініштеріңіздің негізінде Көкжиек шағынауданында тротуарлар мен арықтармен бірге жолдарға жөндеу жүргізілді. Қараша айының соңына дейін 2-Гончарная көшесінде орташа жөндеу аяқталады", - деді әкім.

Қала әкімі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 29 мекенжайда ұзындығы 16,3 км жаңа тротуар салынғанын айтып өтті. Сондай-ақ адамдар жүретін өткелдерде 3 бағдаршам орнатылды.

"Тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере отырып, Жетісу базарынан Адем сауда үйіне дейін ұзындығы 28 км құрайтын №138 жаңа маршрут ұйымдастырылды. №46 маршрут 1 км-ге ұзартылды (Кемел шағынауданында Есімхан көшесінен Арлан көшесіне дейін) автобустар саны 10-нан 12-ге көбейді", - деді мегаполис басшысы.

Сонымен қатар 8 маршруттың (№40, 41, 70, 135, 52, 56, 69, 80) жылжымалы құрамы толық жаңартылды.

Қыркүйек және қазан айларында Жетісу ауданында 30 жаңа аялдама кешені орнатылды.