Мың жасаған шаһар: Абай алаңында балаларға шеберлік сағаты өтіп жатыр

18.09.2022 16:09

Қала күніне орай алаңда түрлі концерттік бағдарлама ұйымдастырылған

Almaty.tv

Мың жасаған шаһар. Тарихы тым тереңде жатқан мегаполис. Қыркүйектің әр үшінші жексенбісінде Алматы күні тойланады. Тамаша табиғатымен, өзен-суымен, нарттай алмасымен талайды тамсантқан Алматы – көп жанның сүйікті қаласы. Ару қала өткен ғасырдың 60 жылдарында-ақ зәулім ғимараттарымен, көз тартар сәулетімен танымал болды. Бұл шаһар – тәуелсіздіктің алтын бесігі. Бүгін елдің есі кететін, көптің көңілінде қалатын ерекше естеліктер мен керемет кештер ұйымдастырылады.  Алғашқысы Республика сарайының алдындағы Абай алаңында өтіп жатыр.

«Алматы –  әр қазақтың жүрегінде орын алатын қала. Ол – біздің жастық шағымыздың, алғашқы махаббатымыздың, адам болып қалыптасуымыздың куәсі. Жай күндері де әсем Алматы бүгін құлпырып тұр. Алматылықтар мен қала қонақтарын мерекемен құттықтаймын», –  деді қала тұрғыны Қайрат Сағынғалиұлы.

Абай алаңында суретші қауымы арнайы көрме ұйымдастырған.

«Қала күніне байланысты Алматы – мәдениет орталығы болғандықтан көрме ұйымдастырдық. Қаламыздың кішкентай тұрғындарына арнап шеберлік сағатын өткізіп жатырмыз», – деді ұйымдастырушы.