Алматыда қазақстандық өндірушілерінің Ulttyq Ónim көрмесі өтіп жатыр

05.05.2023 16:11

Іс-шараға 300-ден астам отандық, оның ішінде 30 алматылық компания қатысады

Almaty.tv.

Алматыда отандық тауар өндірушілердің жыл сайынғы Ulttyq Ónim көрмесі басталды. Іс-шараға 300-ден астам отандық, оның ішінде 30 алматылық компания қатысады, олар тамақ, құрылыс, жиһаз, тоқыма өнеркәсібі, кәдесый және т.б. өнімдерді өндіреді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көрменің ашылуында Ерболат Досаев атап өткендей, мұндай ауқымды іс-шараны өткізу Алматының өңірдегі және елдегі іскерлік тартымдылық орталығы ретіндегі мәртебесін көрсетеді. Жиын кәсіпкерлерге жаңа серіктестер мен өткізу нарығын табуға жол ашып, өнімін көрсетуге мүмкіндік береді, ал іскерлік бағдарлама өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кәсіпорындар арасында кооперациялық байланыстар құруға бағытталған өзекті тақырыптарды талқылауға арналған платформа болады.

– Биыл жыл басынан бері мегаполисте іскерлік белсенділік айтарлықтай өсті. Осы жылдың бірінші тоқсанында іскерлік белсенділік индексінің деңгейі бойынша (57,9%) Алматы Қазақстан өңірлер арасында бірінші орынға шықты. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш шамамен 24%-ға өсті. ШОБ дамыту әркез біздің назарымызда. Биыл мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында экономиканың басым бағыттары мен саласындағы 3 мыңнан астам жобаны қолдау үшін 44 млрд.теңге бөлінді, деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Алматы – бизнес және капитал орталығы. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Алматының ЖӨӨ 5,1%-ға өсті. Кәсіпкерлік бастаманың арқасында бүгінде қала экономиканың бестен бір бөлігін (2022 жылы 18,5%) және республикалық бюджет кірісінің төрттен бірін қамтамасыз етеді.

Ulttyq Ónim қазақстандық тауарлар көрмесін Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырды. 5-7 мамыр аралығында іс-шара аясында қазақстандық дизайнерлердің сән көрсетілімі өтіп, концерттік бағдарлама, көрмеге келушілердің арасында ұтыс ойыны ойнатылады.


Елімізде кәсіп ашып, оны дөңгелетемін дегендер үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Оған субсидия, жеңілдетілген несиелердің беріліп жатқаны дәлел. Бүгінде «Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту 2030 жылға дейінгі тұжырымдама аясында іске асып жатыр» деді көрмені аралап, отандық өнімдермен танысқан қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.


– Іскерлік белсенділікпен еркін кәсіпкерлік үшін айтарлықтай тартымды жағдайлар жасалуда. Шағын және орта кәсіпкерлік субьектілер саны өткен жылы 27 пайызға өсіп, 1,8 млннан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13 пайызға артып, 4 миллионнан асып отыр. Нәтижесінде экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 33,5 пайыздан 36 пайызға дейін ұлғайды, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.