Алматы күні: қала жайлы не білеміз

Магжан Абдрахманов
Максим Золотухин
Максим Золотухин
Бүгін Алматыда қала тұрғындары мен қонақтары қала күнін атап өтіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда қала тұрғындары мен қонақтары қала күнін атап өтіп жатыр. Аталмыш мереке 2009 жылдан бері қыркүйектің үшінші жексенбісінде тойланып келеді. Осыған орай, Almaty.tv қала жайлы қызық мәліметтерді назарларыңызға ұсынады.

Қала жайлы жалпы мәлімет

Алматы - Қазақстанның ең үлкен қаласы. Ол Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халық саны 2 миллионнан асады. Кейбір дереккөзде біздің заманымызға дейінгі VII ғасырларда қала аумағында сақтар, кейіннен үйсіндер мекендегені жазылған. Оның бірден-бір айғағы - Есік қорғанынан табылған "Алтын адам". Одан кейінгі X-XIV ғасырларда осы аймақтағы қалалар Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттыққа ілініп, қолөнер мен ауыл шаруашылығының орталығына айналды. Алғашқы Алматы атауы жазылған заттар да осы кезеңге тиесілі. Алайда Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі де құлдырай бастайды.

Алматының жер аумағы – 682 мың шаршы метр. Қалада қазақ, орыс, ұйғыр, корей, татар секілді көптеген ұлт өкілдері тұрады. Қала коды +7 72 72; Пошта индекстері: 050000–050063, автокөлік коды – 02.

Алтын адам

Әкімшілік бөлінуі

Алматы қаласы 8 ауданнан тұрады.

Алатау ауданы
Алмалы ауданы
Әуезов ауданы
Бостандық ауданы
Медеу ауданы
Наурызбай ауданы
Түрксiб ауданы
Жетiсу ауданы

Қала басшылары

Тәуелсіздік жылдары қалада сегіз әкім ауысты. 1992-1994 жылдар арасында – Заманбек Нұрқаділов, 1994-1997 жылдары – Шалбай Құлмаханов, 1997-2004 жылдары Виктор Храпунов, 2004-2007 жылдары – Иманғали Тасмағамбетов, 2008-2015 жылдары – Ахметжан Есімов, 2015-2019 жылдары Бауыржан Байбек, 2019-2022 жылдары Бақытжан Сағынтаев әкім болды. 2022 жылдың 31 қаңтарынан бері қаланы Ерболат Досаев басқарып келеді.

Ерболат Досаев

Верныйдан Алматыға дейін

Қаланың жаңа тарихы Ресей үкіметінің 1854 жылы Верный әскери бекінісін құруымен байланысты. 1855 жылдың ортасынан бастап бекініске орыс қоныс аударушылары келе бастады. Олардың келуімен Верный қарқынды дами түсті.

1865 жылы он бірінші сәуірде Верный бекінісінің атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы болды. Алайда дәл осы жылы "Дала комиссиясының" шешімімен бұл атау өзгертіліп, Верный қаласы болып ауысты. Қала атауын алған Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы болды.

Алматы алманың отаны саналады. 1921 жылы Верный атауы Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Cібір теміржолы салынатын болды. Түркісіб құрылысы бұл қаланың Қазақстанның астанасы болуға ықпал етті.

Осылайша, 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызыл-Ордадан Алматыға көшірілді.

Тәуелсіздік жылдарындағы Алматы

1993 жылғы шешім бойынша қала атауы орыс тілінде Алма-Атадан Алматыға ауыстырылды.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.

1998 жылдың 1-шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Бұл заң бойынша Алматы ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық болады.

"Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі болса, Астана – болашағымыздың бесігі. Мен Алматыны жер жүзіндегі ең әдемі қала деп білемін. Оның тамылжыған баулары мен жайнаған парктерін, көкке шаншылған Тянь-Шань шыршаларын, "Көктөбе шамшырағын" және басқа да талай ғажайыптарын ұнатамын… "Дербестік!" деп шыққан дауыс алғаш Алматыда естіліп, Алматыда сезілді", - дейді Назарбаев ел астасының ауысуы жайлы.

Тыныс-тіршілігі

Мың бояулы қаланы "Оңтүстік астана" деп те атайды, арасында жастардың қаласы деп жатады. Себебі жыл сайын республиканың барлық өңірінен мыңдаған талапкер білім алу үшін алып шаһарға келеді.

Ал қаладағы ең алғашқы жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты 1928 жылы ашылды.

Сонымен қатар қалада республикадағы ең ірі театрлар орналасқан. Олар - Абай атынағы опера және балет театры, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов мемлекеттік театры.

Ал қала метросының құрылысы 1988 жылы басталған болатын. Алайда Кеңес одағының ыдырауынан метро құрылысы тоқтап қалды. Құрылыс жұмыстары тәуелсіздік алғаннан кейін 2003 жылы қайта жандана бастады. 2011 жылы Алматы метросы салтанатты түрде ашылды.

Метроның ашылуына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол Алматы метрополитенінің пайда болуы автобус маршруттарының қысқаруы ғана емес, бұл көліктің жаңа мәдениетін игеру екенін атап өтті.

Тағы бір тарихи оқиғалардың бірі – 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары. Спорт ойындары қаланың орталығында орналасқан Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында, "Медеу" кешенінде, "Шымбұлақ" тау базасында өтті.Сол жылдары қалаға алпыс мыңнан астам турист келді.

2017 жылы Алматыда 28-қысқы универсиадаға 57 елден келген екі мыңға жуық спортшы қатысты.

Бір жылда қандай өзгерістер болды?

- 2022 жылдың 30 мамырында «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метро бекеті іске қосылды. Олар қазіргі қызмет көрсетіп тұрған тоғыз бекеттің жалғасы ретінде қала орталығын жатын аудандармен байланыстырады. 

«Ата-марқұм "Мен ол дүниелік болсам да, бұл дүниеден өтсем де, тірілердің арасында жүрем" деген еді. Сол кезде ол сөз біртүрлі болып естілген. Енді қарап тұрсаңыздар, әулиенің сөзі екен. Енді қараңыздар, бүгін қанша адамның көңілінде, тіл ұшында атаның аты айтылып жатыр. Атамыз өмірден кеткеніне 40 жыл болды, бірақ халық әлі ардақтап, құрметтеп, көшелердің, мектептердің атын беріп жатыр.  Бүгін - атамыз әлі тірілердің арасында жүрегенінің белгісі. Бір нәрсеге мен таңғалдым.  Алматыда метросы ашылғалы жүрмеппін.  Бүгін келдім», - деді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.

- Осы жылы Ботаникалық бақ реконструкциядан өтіп, қайта ашылды. Қайта өңдеуге 15 млн доллар қаражат жұмсалды. Соның аясында баққа 174 мың жаңа өсімдік, 1300-ден астам сирек кездесетін ағаш түрі мен 3 мың раушан отырғызылған.

- 2022 жылы балет театры ашылды. «Алматы театрының» жалпы аумағы 14 мың шаршы метрді құрайды, 4 қабаттан тұрады. Залға 700 адам еркін сыйып кетеді. Одан бөлек, ішінде мейрамханалар мен арнайы тамақтанатын орындарға дейін бар. Ал мәдени орталықтың қасбеті табиғи тастармен қапталып, сәндік өрнектермен безендірілген.

- "Тереңқұр" жаяу жүргінші соқпағы өңделіп, қайта ашылды. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолы қалпына келтіріліп, 150 ағаш пен 5 мыңға жуық бұта отырғызылды, навигация, орындық, спорт және балалар алаңы орнатылды.

 

Барша қала тұрғындары мен қонақтарын Қала күнімен құттықтаймыз!

Дереккөз: Sputnik Қазақстан, Wikipedia

Новости партнеров