Алматылықтар пластикалық бөтелке жинап, циркке билет алды

23.04.2024 16:15

Акциядан кейін жиналған барлық бөтелке қайта өңдеуге жіберілді

Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы

Алматы қаласы бойынша өткізіліп жатқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Қазақ мемлекеттік циркінде «15 пластикалық бөтелке тапсырып, циркке билет алыңыз» акциясы өтті. Акция 15-19 сәуір аралығында өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Акция барысында әркім цирк аумағында арнайы орнатылған жәшіктерге пластикалық бөтелкелерді тапсыра алады. Акциядан кейін жиналған барлық бөтелке қайта өңдеуге жіберілді.

Бес күннің ішінде алматылықтар 10000-ға жуық пластикалық бөтелке тапсырып, цирктегі «Шұлықсыз» халықаралық бағдарламасына 595 билет алды.

4 мамырдан 2 маусымға дейін мерейтойлық тур аясында Алматы циркінде әлемге әйгілі мәскеулік «Шұлықсыз» клоун триосының қойылымы өтеді. Цирк бағдарламасына акробаттар, эквилибристер, арқанмен жүрушілер, әуе гимнасттары, үйретілген аюлар мен иттер қатысады.

Мәскеудің «Шұлықсыз» сайқымазақтары Монте-Карлодағы халықаралық цирк фестивалінің жеңімпазы атанған.

Билеттің бағасы 2000-нан 6000 теңгеге дейін, 4 жасқа дейінгі балаларға тегін. Бағдарламаның ұзақтығы 1 сағат 20 минут.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.

Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ, веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.

Науқанның белсенді қатысушыларына арналған әлеуметтік желідегі хэштегтер: #АлматыНашОбщийДом, #НасМногоГородОдин, #АлматыБіздіңОртақҮйіміз, #БізКөппізҚалажалғыз.

Оқи отырыңыз: Алматыда уақытша бірнеше көше жабылады