Алматыда «Достық» скверінің жөндеу жұмыстарынан кейінгі видеосы жарияланды

23.06.2021 16:24

Абаттандыру жұмыстары қала тұрғындарының пікірі ескеріле отырып жүргізілді

Алматы қаласындағы «Достық» скверінде жөндеу жұмыстарынан кейінгі бейнесі көрсетілген видео жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Видеоны қала әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында жариялады.

«Алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс аймағының бірі – «Қазақстан» қонақ үйінің артындағы «Достық» скверінің екінші тынысы ашылуда. 70-тен астам шам орнатылып, сыртқы жарық жүйесі толығымен жаңартылды. Тротуар плиткалары мен 4 мыңнан астам асфальт төселді. 450 түп бұта отырғызылып, 12 мың шаршы метр аумаққа көгал төселіп, жасыл массив автоматты суару жүйесімен қамтамасыз етілді. Балалар алаңы жасақталып, ересектер үшін демалыс аймағы қайта құрылды», – деп жазды қала әкімі.

Сондай-ақ, авторлық орындаудағы «Түйелер» панносы қалпына келтірілді. Абаттандыру жұмыстары қала тұрғындарының пікірі ескеріле отырып жүргізілді.