Б. Сағынтаев: Алматыда көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді

29.01.2021 16:26

Қалада «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алқасымен марапатталған 4663 көпбалалы ана бар

Фото: vlast.kz

Алматыда көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің facebook-тегі парақшасында мәлімдеді. Оның сөзінше, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналар және 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы алып жүретін адамдар қаладағы қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүре алады.

«Алматыда қоғамдық көлікте тегін жүруге құқылы адамдардың санатын кеңейтпекпіз. Алматы мәслихатының депутаттары басқа мемлекеттердiң аумағындағы әскери  іс- қимылдарға қатысқан ардагерлерге, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы алып жүретін адамдарға қаладағы қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру туралы шешімімізді қолдады. Бұл шешім «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы жаңа Заңға сәйкес, сондай-ақ қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мен оны қорғау мақсатында қабылданды», – деді Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, шаһарда 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды алып жүретін 1161 адам бар. Бұл санаттағы адамдарға 50% жеңілдік беріледі. Ал «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алқасымен марапатталған 4663 көпбалалы анаға тегін жол жүру құқығы беріледі.