«Күз басында ағаш отырғызу көшеттерді стреске ұшыраудан сенімді қорғайды» дейді Қазақстанның көгалдандырушылар қауымдастығы (АОК) Кеңесінің хатшысы, Almaty Garden Show бас дизайнері Бибігүл Датхабаева, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшы күзгі уақыт ағаш отырғызуда ең қолайлы кезең екенін айтты. Қазіргі климаттық жағдайда көгалдандырушылардың өсімдіктерді отырғызу үшін 2-3 аптасы ғана бар.
«Қыстан кейін ыстық жаз бірден басталады, өсімдіктер бірден өсіп, гүлдене бастайды. Осы уақытта қайта отырғызу ағашқа үлкен стресс болады. Егер сіз белгіленген қысқа мерзімде, әсіресе қалада көшеттерді жаппай отырғызу кезінде аяқтамасаңыз, онда көп ағаштың өспей қалу қаупі бар. Күзде стресс әлдеқайда аз, барлық агротехникалық норма мен ереже сақталған жағдайда, өсімдік қазір жақсы тамырланып, көктемде көктейді», - деді Бибігүл Датхабаева.
Ландшафт дизайнері көптеген ағаш түрлері күзгі отырғызуға жарамды екенін атап өтті. Көгалдандырушылар Алматының климаттық жағдайына ыңғайлы көшеттерді еккен.
«Қазір көгалдандырушылар қарағаш, емен, үйеңкі, шаған, терек, катальпа, қайың, акация, шырша және жеміс (алма, шие, алмұрт, өрік) отырғызып жатыр. Бұлар қалалық жағдайға, қыста төзімді, күй талғамайды. Олар оңтүстік астананы көгалдандыруда бұрыннан қолданылып келеді, шаһардың тарихи жасыл желегін қалыптастырған. Сондықтан, меніңше, жаңа көшеттер жасыл қорды толықтырумен қатар, қаланың қалыптасқан көгалдандыру стилін өзгертпей, үйлесімді етеді», - деді Бибігүл Датхабаева.
Сарапшы көгалдандыру жұмыстары қаланың үлкеюіне қарай жүргізілуі керек дейді. Алматы қарқынды дамып келеді, бақ қала мәртебесін сақтау үшін жасыл қорды сақтап, үнемі толықтырып отыру маңызды.
Айта кетейік, биыл Алматыда 320 мың ағаш отырғызу жоспарланған, оның 20 мыңы көктемде, 300 мыңы күзде егіледі.