Алматы мәслихаты қала әкімдігінде екі жаңа басқарма құруды бекітті

21.02.2024 16:32

Жаңа басқармаларды құру штат санын көбейтуді көздемейді

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Азаматтық қорғау, жұмылдыру дайындығы және жайлы қалалық ортаны сапалы дамыту саласында тиімді реттеуді қамтамасыз ету мақсатында Алматы әкімдігінде екі жаңа басқарма құрылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қалалық мәслихат кезектен тыс XIV сессия барысында сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасын, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасын құруды бекітті.

Бірінші басқарманың негізгі міндеті - сейсмикалық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету, жер сілкінісі қаупін басқару, табиғи апаттар кезінде өзін қалай ұстаудың базалық дағдыларына үйретуді ұйымдастыру, сондай-ақ ТЖ департаменттерін, полицияны, қалалық қызметтерді және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ұйымдарды үйлестіру.

- Аталған басқарманың жұмысы сейсмоаудит жүргізуге, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупін мониторингтеудің бірыңғай жүйесін әзірлеуге, сондай-ақ азаматтық қорғану, жұмылдыру дайындығы саласындағы мемлекеттік реттеу мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы іс-шаралардың алдын алу және жүзеге асыру мәселелерімен айналысатын болады, соның бірі - сейсмоаудит жүргізу.

Бейбіт Шаханов 2024 жылдың соңына дейін аяқталатын сейсмоаудиттің нәтижелері бойынша Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдау жоспарланып отырғанын атап өтті.

- Алматы қаласын дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі жайлы қалалық ортаны қалыптастыру, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту, салу және абаттандыру тұжырымдамаларын әзірлеу бөлігінде қала басқармалары мен аудан әкімдіктерінің жұмысын үйлестіретін болады, - деді Бейбіт Шаханов.

Айта кетерлігі, жаңа басқармаларды құру штат санын көбейтуді көздемейді, өйткені олар аудандық әкімдіктердің басқа басқармалары мен аппараттарын оңтайландыру есебінен құрылады және қосымша бюджет қаржысы бөлінбейді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жалпықалалық сейсмикалық жаттығу өтеді