Қазіргі уақытта Алматы қаласында 200 мыңға жуық адам орталық сумен жабдықтау жүйесіне тұрақты қосылмаған
16 қарашада Мемлекет басшысы қала жұртшылығымен кездесу өткізіп, Алматының әрбір азаматы үшін қолайлы ортаны дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Тұрғындарды, бірінші кезекте қаланың батыс бөлігіндегі халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2023 жылдың маусым айында Қарғалы өзенінде су жинау құрылғысын салу жұмыстарын аяқтау және Ақсай өзеніндегі су жинау құрылғысының құрылыс-монтаждау жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін келесі жылы 8,6 млрд теңге қарастырылған», - деді қала әкімі Ерболат Досаев.
4,4 млрд теңгеге Нижняя Пятилетка, Шуақты, Жас Қанат, Каменское Плато, Кеңсай және т.б. шағынаудандарда сумен қамту және су бұру желілерінің құрылысы жалғасатын болады.
Шаңырақ-1,2, Өжет шағынаудандарында, Қазыбаев-Рысқұлов-Тәтібеков-Райымбек көшелерінің бөлігінде және т.б. 2023 жылдың соңына дейін 3,2 млрд. теңгеге инженерлік желілердің құрылысы аяқталады.
Сонымен бірге, Юбилейныйдан Көлсай шағын ауданына дейін, Алғабас және Маяк, Шапағат шағынаудандарында, Әлмерек ауылында 10,8 млрд. теңгеге сумен жабдықтаудың магистральды және таратушы желілерінің жаңа құрылысы басталады, 170 мыңға жуық тұрғын қамтылады.
Кемел, Әлмерек, Колхозшы, Шуақты шағынаудандарында, Палладин көшесінде 4,6 млрд. теңге сомасына электрмен жабдықтау желілері мен «Алмагүл», «Тұздыбастау» 2 подстанциясының құрылысы аяқталады. Бұл 540 мың тұтынушыны үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келесі жылы Алмалы және Жетісу аудандарындағы (Айнабұлақ шағын ауданы) жылу желілерін реконструкциялау басталады. Бұл мақсаттарға бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінді. 1,5 млрд. теңгеге Қазыбек би көшесіндегі Абдулиндер мен Уәлиханов көшелерінің арасындағы және Құлагер шағынауданының 113 мыңнан астам тұрғыны үшін желілерді реконструкциялауды аяқтаймыз.
Бостандық, Наурызбай аудандарындағы 450 мың тұтынушыны жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Оңтүстік аудандық қазандық» және «Премьера» 2 қазандығын реконструкциялауды аяқтауға 530 млн. астам теңге қарастырылған.