Бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде тұрғындар Жетісу-3 шағынауданында салынып жатқан тұрғын үй кешені жайында сұрақ қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала тұрғындарының айтуынша, ол үйлер салынбайды деген сыбыс шыққан.
"Бүгінгі бекітілген ереже бойынша бұл жерде тек 5 қабатты тұрғын үй салуға болады. Жекеменшік кәсіпкер оған келіспей отыр. Ал 9 қабатты үй салуға әкімдік рұқсат бермейді. Себебі мұндай биіктіктегі үй өзге тұрғын үйлерге кедергі келтіреді. Кәсіпкер 5 қабатты тұрғын үй салуға келіссе, құрылыс жалғасады. Жалпы осы жерге байланысты тамыздың соңына дейін шешім қабылдаймыз", - деп жауап берді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ, әкім қала тұрғындарына қала әкімшілігі тарапынан рұқсат берілмеген тұрғын үйлерге алдын ала ақша бермеуді ескертті.