Алматы әкімі Ерболат Досаев полиция қызметкерлерімен кездесті

03.02.2022 16:43

Полицейлердің жұмыстарына табыс тіледі

пресс-служба акима Алматы

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев қаланы террористерден қорғау жолында қаза тапқан полицейлердің жақындары мен туған туысқандарына көңіл айтты, деп хабарлайды   Almaty.tv.

  

«Ең алдымен қаланы террористерден қорғау жолында қаза тапқан полицейлердің жақындары мен туған туысқандарына көңіл айтқым келеді. Өз атымнан қаңтар трагедиясы кезінде кәсіби  міндетті атқарғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өліммен бетпе-бет келген сәтте ешқандай қауіп-қатерге қарамастан батырлық танытып, қылмыскерлерге қарсы ерлікпен күресе білдіңіздер», – деді Досаев.

Осындай сын сағаттарда қала тұрғындарының қауіпсіздігіне кепіл бола алатын ол – дәл осы полиция қызметі екені белгілі.

Осы сәтте Ерболат Досаев өз тарапынан қаланың құқық қорғау органын одан әрі жетілдіре түсуге күш жұмсап, полиция қызметін мұқият саралай отырып, тұрғындардың сенімін еселей түсеміз деді.

«Мұндай қайғылы жағдайды енді болдырмас үшін полиция қызметін жандандырып, жаңа техникамен жабдықтау керек екенін қалаға жасалған шабуыл  айқындап берді. Қаза тапқан полицейлердің отбасына көмек көрсетілді, қазір бүлінген ғимараттар жөнделіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Біз бәріміз қаланың тыныштығы үшін тік тұрып, аянбай еңбек ете алатынымызға сенім білдіргім келеді. Біз сіздерге қаланың ең басты байлығы – Алматы тұрғындарының амандығы мен денсаулығын сеніп тапсырамыз» – деді ол.

Сонмен қатар қала әкімі осындай қиын да жауапты қызметте жүргендерге зор денсаулық, кәсіби табыс, отбасыларына тыныштық пен береке-бірлік тіледі.