Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы халқымен кездесуінде аудандағы жол инфрақұтылымы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Ақжар шағынауданында бұрын-соңды асфальт болмаған ұзындығы 13 км болатын 27 көшеге асфальт төселді. Бүгінгі таңда ұзындығы 6,7 км болатын 19 көше асфальтталды. Қараша айының соңына дейін тағы 8 көшеде жұмыстар аяқталады.
Сондай-ақ ұзындығы 23 км 30 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Қараша айының соңына дейін ұзындығы 7 км тағы 8 көше жөнделеді.
«Алма Сити-5» тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, әкімдік Алатау даңғылындағы магистралды жол арқылы тұрғын үйге оңай жету үшін 86 соттық жер сатып алып, жол салды.
Осы учаскеде жаңа №44 автобус іске қосылды.
"Сондай-ақ, биылғы қараша айының соңына дейін Төле би көшесінің Алатау даңғылынан Жүнісов көшесіне дейінгі бөлігін салып аяқтаймыз", - деп мәлімдеді мегаполис басшысы.
Тұрғындарға қызмет көрсету сапасы мен жайлылығын арттыру мақсатында 8 маршрут ұзартылып, жаңартылды. Сондай-ақ Қалқаман, Қарағайлы, Шұғыла және Абай саяжайлары шағынаудандарында 12 аялдама кешені орнатылды.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шаляпин мен Сәбденов көшелерінде 2 реттелетін бағдаршам объектісі және жалпы ауданда 86 жол белгісі орнатылды.