Бұл туралы Мәслихат сессиясында Алматының қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасын қарау барысында Ерболат Досаев мәлімдеді
Алматы 100 жаңа троллейбуспен толығады. Дамыған қоғамдық көлік қала тұрғындарының жайлы өмір сүруінің, жолдағы кептелістерді азайту мен ауа сапасын жақсарту индикаторларының бірі болып табылады. Бұл туралы Мәслихат сессиясында Алматының қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасын қарау барысында Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біз осы жылдың қыркүйек айында бекіткен Даму бағдарламасында автобус паркін жаңарту мен оны экологияландыруды ескере отырып, қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріледі.
Осыған байланысты, 2023 жылы біз газбен жүретін 300 автобус сатып аламыз. Биыл қараша айында сіздер 200 автобусқа 14,2 млрд теңге қаражат бөлуді қолдадыңыздар. Сондай-ақ, троллейбус паркін жаңарту жалғасады – біз 6,4 млрд теңгеге 100 троллейбус сатып алуды көздеп отырмыз. Осы шаралардың арқасында біз қызметтердің сапасын жақсартып, қоғамдық көлік қозғалысының интервалын азайтамыз», - деді қала әкімі Е. Досаев.
2023 жылға қалалық маршруттарды субсидиялауға 55,9 млрд теңге қарастырылған. Осы 30 маршруттағы автобустарды жаңартуға және қосымша 400 бірлікпен нығайтуға мүмкіндік береді, бұл қоғамдық көлік қызметтерінің сапасын жақсартады.
Келесі жылы метрополитен желісін батыс бағытқа қарай салу жалғасады (Қалқаман станциясының 3-ші іске қосу кешені), оған 12,1 млрд теңге көзделеді. Бұл 2024 жылы қаланың батыс бөлігіндегі 50 мыңнан астам тұрғын үшін қосымша көлік байланысын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, Төле Би көшесін ұзартып салу жалғасады, оның жалпы сомасы 11,7 млрд теңге. Жұбанов көшесімен ұзартып салу мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Бұдан басқа, 2 көлік жолайрығын аяқтау жоспарланған (Бұқтырма – Құлжа күре жолы, Саин – Мөңке Би көшелері), ол үшін 6,2 млрд теңге қарастырылған.
Алатау (Ф. Оңғарсынова мен Мөңке би көшелерінің қиылысында) және Медеу аудандарында (Жетісу базарына қарама-қарсы Құлжа күре жолында) орналасқан 2 коммуналдық автобус паркін (148 млн теңге) жобалау аяқталады, олардың әрқайсысының құрылысы 8 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Келесі жылы жол инфрақұрылымына ерекше назар аударылған. 200 км жолға орташа жөндеу жүргізіледі, 30 км тротуарлар мен 80 остановка алаңы салынады. Ол үшін 20,8 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде, келесі жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 89%-ке жетеді.
Жалпы, біздің мегаполисте озық стандарттарға сәйкес көлік инфрақұрылымы жеткілікті дамымаған. Қала өсіп келеді, сондықтан оның көлік каркасын үнемі жақсартып отыру қажет. Бюджет жобасында қала аудандарының арасындағы байланысты, сондай-ақ Алматы агломерациясының дамуын ескере отырып, 2040 жылға дейін Алматы қаласының көлік каркасын дамытудың шеберлік-жоспарын әзірлеуге 370 млн теңге көзделген.