Бұл қаланың инвесторлар үшін әлі де тартымды екенін көрсетеді
Алматы қаласының экономикасына салынған инвестициялар карантинге қарамастан 10%-ға өсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар Басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Е. Оразалиннің айтуынша, пандемия кезінде сауда-саттықтың төмендеуіне қарамастан, Алматы қаласының инвестиция жағдайы тұрақты.
«Жалпы, өнеркәсіп көрсеткіші бойынша, сауда мен қызметтердің төмендеуіне қарамастан, біз әлі де тұрақтылықты сақтап келеміз. 7 айда көрсеткіш 100,9%-ды құрады. Өндірілген өнімнің жалпы сомасы 420 млрд тг. Біз Алматы қаласының инвестициялық тартымдылығы қарқынының төмендемегенін атап өткіміз келеді. Өйткені 8 ай ішінде алдын ала 500 млрд тг жинадық», – деді Е. Оразалин.
Сондай-ақ, ол көрсетілген кезеңде инвестициялар блогы бойынша нақты көлем индексі (НКИ) 110%-ды құрағанын айтты. Бұл қаланың инвесторлар үшін әлі де тартымды екенін көрсетеді.
«Инвесторлар осында келіп, ақша салуда. Бұл болашақта қосымша ақшалай қаражатпен қолдау көрсетілетін қала экономикасының пандемияның күрделі кезеңінен кейін қалпына келуі үшін өте маңызды», – деп түсіндірді Е. Оразалин.