Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің онлайн-отырысына қатысты. Отырыс барысында шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Отырыста карантиндік шектеулер режиміндегі ШОБ қызметіне қатысты проблемалық мәселелер көтеріліп, дамудың перспективалық бағыттары, сондай-ақ билік органдарымен өзара іс-қимыл қарастырылды.
Кездесу барысында Алматы қаласының Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Учет» компаниялар тобының жетекшісі М. Барышев кәсіпорындардың қызметін қалпына келтіру перспективалары туралы айтты. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар мониторингтік топтардың қызметі, шығармашылық индустрия мен мектепке дейінгі білім беруді дамыту, пандемия кезіндегі туризм, автобус парктерінің жұмысы және басқаларын талқылады.
Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев барлық көтерілген мәселелердің қарастырылатынына сендірді. Оның айтуынша, келер жылға жоспар құрып, оларды нақты және прогрессивті шешу үшін ондағы мақсаттар мен міндеттерді белгілеу қажет.
Отырысқа қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. Бекшин, әкімдік басқармаларының басшылары, Өңірлік кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы қатысты.