Белгілісі, 18 қыркүйектен бастап электромобильдер үшін тегін тұрақ қарастыратын заң күшіне енеді. Осыған байланысты, Алматының коммуналдық ақылы тұрақ операторы «Алматы паркинг» кәсіпорны электр тартқышы бар автомобильдерді арнайы тізілімге қосу рәсімін түсіндіреді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Электромобильдердің иелері тиісті растайтын құжат негізінде коммуналдық тұрақты пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатылады. Жеңілдіктер тізіліміне енгізу үшін электромобильдердің меншік иелері «Алматы паркингіне» жүгінуі немесе техпаспорттың сканерленген нұсқасын қоса бере отырып, «Е-отиниш» сайты арқылы өтініш беруі қажет», - деп хабарлады кәсіпорын.
«Алматы паркингінде» өтініш және оларға қоса берілген құжаттар қаралғаннан кейін деректерді тізілімге енгізу туралы тиісті шешім шығатыны атап өтті. Өтінімді қарау мерзімі – 15 күнтізбелік күн. Әрбір өтініш берушіге шешім көрсетілген ресми жауап беріледі. Бір жылдан кейін жоғарыда аталған процедураны қайталау қажет, өйткені тізілім жыл сайын жаңартылып отырады.
Оқи отырыңыз: Қала күніне орай Алматыда бірнеше автобустың бағыты өзгереді