Ерболат Досаев шұғыл штабта жиналыс өткізіп, қосымша іс-шаралар жоспарын талқылады

04.03.2024 16:07

Қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі қосылған

Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы

Алматы әкімі Ерболат Досаев сағат 11:40-тен бастап шұғыл штабта жиналыс өткізіп, қосымша іс-шаралар жоспарын талқылап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін сағат 11:22-де Алматыда жер тербелді. Сілкініс ошағы - қаладан оңтүстік бағыттағы 31 шақырым жерде тіркелді.

Ресми ақпарға сүйенсек, дүмпудің күші - 5 балл, магнитудасы - 6,1, ал тереңдігі - 10 километр. Санаулы секундқа созылған сілкіністен соң қала бойынша дабыл жүйесі іске қосылды.

Ал арада бірнеше минут өткенде Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы мәлімдеме жасады.

– Тұрғындарға дүрбелеңге салынбай, қауіпсіз орындарға, халықты қабылдау пункттеріне баруын сұраймыз. Зардап шеккендер мен қирау туралы қазіргі таңда ақпарат түскен жоқ. Жедел желі жұмысы іске қосылды, – деді ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

– Қазіргі таңда афтершоктар болуы мүмкін. Бірақ олардың қуаттылығы әлсіз сезіледі. Тұрғындардан сабыр сақтап, сағат 16:00-ге дейін халықты жинау бекеттерінде отыруын сұраймыз. Сейсмикалық жағдайды бақылау комиссиясының қорытындысын қосымша міндетті түрде хабарлаймыз, – деді  Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев.

Ал сағат 11:40-тан бастап шұғыл штабта жиналыс өткізген шаһар басшысы Ерболат Досаев төтенше жағдайлар қызметіне ғимараттар мен күштік құрылымдардың жағдайын, өндірістік нысандар мен гидротехникалық құрылымдарды назарға алуды тапсырды. Ал сейсмикалық жағдайды бақылау және болжау – жауапты ғылыми орталықтың міндеті.

Айта кетейік, қаладағы метроның жұмысы шамамен 3 сағат ішінде қалыпқа келеді. Бұған дейін метрополитеннің баспасөз қызметі тоннельдердің тексерілуіне байланысты жұмыстың уақытша тоқтайтынын хабарлаған еді.

– Сағат 12:50дегі жағдай бойынша Алматы қаласындағы ғимараттарға айтарлықтай зиян келген жоқ. 384 қабылдау пункті іске қосылды. Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың зақымдануы туралы келіп түскен өтініштер негізінде одан әрі ден қою іс-шаралары үшін комиссиялық тексеріс ұйымдастырылады, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінді