Бақытжан Сағынтаев көліктен бөлінетін қалдықтар мәселесі шешіліп жатқанын айтты
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру кездесуі барысында Әуезов ауданының тұрғыны экология мәселесін көтерді. Шаһар басшысы қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қаланың экологиялық жағдайы Алматы әкімдігінің жұмысындағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бұл үлкен кешенді жұмыс, экологиялық проблемаларды шешуге барлық жағынан қарау керек. Ең бастысы – ЖЭО-2 газға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Өткен жылы бұл мәселе шешілді. Газға көшірудің әртүрлі схемалары болды, биыл «Самұрықэнерго» жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауда. 2022 жылдан бастап әрбір алты ай сайын екі қазандықтан жаңғырту жүргізіледі. 2025 жылдың соңына қарай барлық сегіз қазандық агрегатын газға көшіруді аяқтау жоспарлануда. Қаржыландырудың тиісті схемасы мен газ жеткізу көлемін Үкімет шешіп үлгерді, Энергетика министрлігі «Самұрықэнергомен» бірге бұл мәселемен айналысып жатыр. Біз қала тұрғындарына бастаманы қолдағаны және бұл мәселені үнемі қадағалап отырғандары үшін алғысымызды білдіреміз», — деп жауап берді әкім.
Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ көліктен бөлінетін қалдықтар мәселесі шешіліп жатқанын айтты.
«Бізде 500 мыңнан астам көлік тіркелген және күн сайын қалаға 250 мыңнан астам көлік кіреді. Біз пандемия кезінде ауа тазарғанын көрдік. Қапшағай, Талғар, Қаскелен тарапынан кептеліс болмауы үшін біз қала бойынша жолайрықтар салып жатырмыз. Индустрия министрлігімен біз жолдарды кеңейту мәселесін пысықтап жатырмыз. Біз қала маңынан электр пойыздарын іске қосуды ұсындық, қазіргі уақытта жеке қаражат есебінен Талғар бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Дәл осындай жұмысты біз Қаскелен жағына қарай жүргізіп жатырмыз», — дейді Бақытжан Сағынтаев.
Қаланың экологиясын жақсарту үшін 2019 жылы «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданды, оның аясында үш жыл ішінде 1 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда.
«Бұл бағдарламаны жариялаған кезде көптеген адамдар бұл мәселеге күмәнмен қарады. Өткен жылы біз 300 мыңға жуық ағаш отырғыздық және бұл жұмысты жалғастырамыз. Жасыл экономика басқармасының сайты арқылы қаламызда қанша ағаш бар екенін көруге болады. Экология әрқашан ерекше бақылауда», — деп атап өтті әкім.
Сонымен қатар алматылық Сая Қарсен Бостандық ауданы мен Іле-Алатау саябағының шекарасындағы «Сулпак» дүкені маңындағы ағаштардың кесілуіне қатысты сұрақ қойды.
«Бұл факт бойынша іс ҚР ҚПК 300-бабы бойынша өндіріспен аяқталды және іс қала прокуратурасына жіберілді», — деп жауап берді Алматы қаласы полиция Департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.