Күшейтілген карантин кезінде алматылықтар Наурыз меркесіне орай ерекше құттықтау алды. Ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен жарық шоуы ұйымдастырылды. Мегаполистің кешкі аспанында гүл, Қазақстан картасы мен шаңырақ пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
22 наурызда Республика сарайының алдынан 300 дрон ұшырылды. Алматылықтар түнгі аспаннан: «Алматы сіздермен бірге», « Наурыз мерекесі құтты болсын», «Как тебе такое, Илон Маск», деген жазуды, сондай-ақ шаңырақ, Қазақстан картасы мен гүлді тамашалады. Тұрғындар ерекше көріністі видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Қазақстандағы алғашқы дрондар шоуы.
«Біз қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтағымыз келді, бірақ пандемия мен локдаун жағдайында оны жүзеге асыру оңай болған жоқ. Сондықтан түнгі аспанда жарық шоуын ұйымдастыру идеясы келді. Біз бұл шоу арқылы алматылықтарға тосынсый жасағымыз келген. Алайда, біздің дайындық жұмыстарымызды біреулер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратып жіберіпті. Сондықтан қала тұрғындары бұл шоуды тағатсыздана күтті. Біздің мақсатымыз – Қазақстан халқын таңғалдырып, қуанту болды. Пандемияның барлық қиындықтарына қарамастан, біз біргеміз. Идеяға сеніп, жобаны қолдағаны үшін Алматы әкімдігіне алғысымызды білдіреміз», – деді Қазақстандағы ұялы байланыс операторының маркетинг жөніндегі директоры Максим Цвыков.