Алматыда қаланың халықаралық авиациялық коды формасында отырғызылған бақ пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
3 гектар аумақты алып жатқан әріп пішініндегі аллея Гиннестің рекордтар кітабына енуі бек мүмкін. Өтінім тасталып та қойды, енді жуық арада мамандар әсемдіктің ауқымына көз жеткізу үшін шаһарға келеді
Алматының Алатау ауданындағы 3 гектар аумаққа 2 мың 300 қылқан жапырақты ағаш егілді. Ондағы шыршалардан жазылған ALA сөзі Алматының авиациялық кодын білдіреді. Эко-акцияға шаһар басшысы Ерболат Досаев та қолдау білдірді. Ол табиғат жанашырларымен, қоғам белсендерімен бірігіп, бүгін алқапқа арша отырғызды. Осылайша іс-шараға келгендердің әрқайсысы қаланың жасыл желегінің санын арттыруға аз да болса үлесін қосты. Ал жоғары биіктіктен, тіпті ғарыштан көрінетін Алматыдағы әсем бақ Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін.
«Бұл – еліміздің мәдени астанасы Алматы үшін тарихта қалатын сәт. Жаппай ағаш отырғызу акциясын әлемдік рекордтар кітабына енгізу ойда бар. Өтінімді беріп қойдық. Енді баға беру үшін арнайы мамандар мен тәуелсіз сарапшыларды күтіп отырмыз. Ол кісілерге хабарласқанымызда, рекорд қою үшін кем дегенде шыршаның саны 2 мыңнан асуы керек деген. Талап артығымен орындалды. Менің ойымша, Алматы бағы Гиннестің рекордтар кітабына енеді. Қазақта атадан мал қалғанша, тал қалсын деген жақсы сөз бар ғой», – деді актер, продюсер Дәуіт Шайхисламов.
«Алматыда ағаш отырғызу дәстүрін сақтап қала алдық. Оны халық қолдады. Мәселен, өзім қолға алған «Алма қала» акциясына биыл 10 жыл толады. Соның аясында әр тұрғын өз ауласында жасыл желек өсіруді үйренді. Біз де біршама аулаға ағаш ектік. Экология мәселесіне келгенде ұдайы жақсы идеяларды іздеп жүреміз. Мақсатымыз – қаланың жасыл-желегін көбейтіп, ағашты көптеп егу. Жұмысты жалғастырамыз», – деді қоғам белсендісі, кәсіпкер Ерлан Стамбеков
Қазақ халқының ұғымында киелі саналатын арша күннің ыстығына да, қатты желге де шыдамды. Біздің аймақта бұл ағаш түрі шамамен 50-60 жылдан бері өсіріліп келеді. Әсіресе, аршаның тауда өсетін түрі қаланың табиғатына тез үйренеді.
«Қар түскеннен кейін ағаш отырғызуға болмайды» деген пікірлер айтылып жатыр. Өзі 0,6-0,5 күммен келіп отыр. Бұл стандартқа жататын кум болып есептелінеді. Сондықтан бұл ағашты минус 10-15 градуста отырғызуға болады. Минералды қоспаларды беруге болады. Күтіммен қарап, өсіруге болады», – деді «Грин ланд» ЖШС директоры Гүлзада Қалдыбекова.
Айта кетейік, ағаш отырғызуға демеушілер қол ұшын созған. Бақтың күтіміне Алатау ауданының әкімдігі мен Алматы қаласы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мамандары жауапты болады.
Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы