Е. Бабақұмаров шұғыл кеңесте мектептер мен балабақшаларда жанжалдардың алдын алу бойынша түбегейлі шара қабылдауды тапсырды
Қала әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров шұғыл кеңесте мектептер мен балабақшаларда жанжалдардың алдын алу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аудан әкімі орынбасарларының, қалалық басқарма және аудандық білім бөлімдері, балабақшалар, мектептер басшыларының қатысуымен өткен кеңесте білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланды.
Е. Бабақұмаров Білім басқармасының басшысына білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың алдын алу, анықтау және ден қою бойынша ұйымдастырушылық-басқару шараларын әзірлеуді, қабылдауды және ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізуді тапсырды.
Шаралар пакетін мектептер мен балабақшалардың басшылығы мен педагогикалық ұжымдары ата-аналармен, балалармен, жоғары тұрған органдармен және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі әріптестік ұйымдармен, сондай-ақ ҮЕҰ-мен тығыз ынтымақтастықта іске асыру қажет.
Алматы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаровтың тапсырмасы бойынша қаланың барлық білім беру мекемелерінің басшылары үй-жайлар мен ұйым аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, білім беру ұйымының әлеуметтік-психологиялық ахуалына талдау жасау және зорлық-зомбылық қатынастарында басшылықтың, оқытушылар құрамының, студенттер мен ата-аналардың жалпы саясатын әзірлеу қажет.
Сонымен қатар нормативтік құжаттарды, мінез-құлық ережелерін, лауазымдық нұсқаулықтарды, іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеу және қабылдау, зорлық-зомбылық жағдайларын болдырмауға, анықтауға және ден қоюға жауаптыларды тағайындау тапсырылды.
Білім беру ұйымын психологиялық қолдау қызметін реформалауға және зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге, құқық бұзушылар мен куәларға көмек көрсету үшін әріптестік ұйымдарды және олармен өзара іс-қимыл тетіктерін айқындауға ерекше назар аудару қажет.
Білім беру басқармасына білім беру мекемелерінің жайлылық, инклюзивтілік және қауіпсіздік деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мәселелерінде аудан әкімдері орынбасарларының, білім басқармасы қызметкерлерінің, аудандық білім бөлімдері басшыларының және білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігін күшейту тапсырылды.
Е. Бабақұмаров аталған шаралар зорлық-зомбылық және оның салдары туралы хабардар болуды арттыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл ретте деструктивті көріністерге қарсылықтың тиімділігін арттыруға, оның ішінде жеке және әлеуметтік дағдылар мен педагогикалық құзыреттерді дамыту арқасында оқыту бойынша жұмыс жүргізу қажет.